Өзіңіздің біліміңіз бен кәсіби қызметіңіз туралы айтып бере аласыз ба?
2014 жылы Еуразия ұлттық университетінде бакалавр дәрежесін алдым. Сол жылы магистратураға түсіп, оны 2016 жылы өмір туралы ғылым магистрі дәрежесімен бітірдім. Ұлттық биотехнология орталығында жұмыс істедім және 2019 жылы Сеул ұлттық университетінде бір жылдық тағылымдамадан өттім.
Сеул ұлттық университетіндегі тағылымдамаңыз қалай өтті?
Мүлдем басқа ортада болу қиын, қалыптасқан ережелері, мәдениеті мен дәстүрлері мүлде басқаша ортада өзіңді басқа ғаламшарда жүргендей сезінесің. Тілді жетік білмеушілік те қиындық туғызды. Мен жұмыс істеген зертханада тек бірнеше адам ғана ағылшын тілінде жақсы сөйледі. Екі ай бейімделуден кейін мен ұжымға қосыла алдым. Тағылымдама барысында мен зертханада көптеген қажетті дағдыларды игеріп, еңбекқорлыққа үйрендім, өйткені кәрістер бәсекелестік жағдайында өмір сүреді. Биылғы жыл мен үшін өсуге бетбұрыс алу жылы болды: мен кәсіби деңгейде өсіп, қиындықтарды еңсеріп, жауапкершілікті сезіне алдым, үмітсіздікке бой алдырмауды үйрендім.
Докторлық зерттеуіңіз туралы айтып беріңізші.
Менің зерттеуім «Ревматоидты артрит (РА) кезінде кіндік қанының мезенхималық дің жасушаларының (МДЖ) цитокинмен демделген емдік әлеуетін зерттеу» деп аталады. Бұл жасушалар қабыну ортасында болса, қабынуға қарсы қасиеттерге ие болуы мүмкін. Осылайша, МДЖ өзінің иммуномодуляциялық әлеуетінің арқасында, әсіресе РА сияқты, аутоиммунды аурулар кезінде клиникалық практикада пайдалану мүмкіндігін көрсетті. Әрі қарай ғалымдар жасушалардың осы бірегей сипатын қалай арттыруға болатынын білуге тырысып, МДЖ-ның емдік мүмкіндіктерін күшейтудің әртүрлі тәсілдерін ұсынды. Зерттеу барысында мен жасушаларды қабыну факторларымен байланыстырып, содан кейін оларды ревматоидты артриті бар зертханалық тышқандарға қолданамын.
Сіздің еңбегіңіздің қолданбалы құндылығы қаншалықты?
Осы жұмысымның нәтижесі алдын ала демделген МДЖ және (немесе) экзосомаларды пайдалана отырып, РА-ны емдеуге жаңа жасушалық-терапиялық тәсілді қолдану үшін негіз бола алады. Пациенттер РА-дан емделу кезінде ауыр жанама әсерлерден зардап шегеді. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда олар дәрілік тұрақтылықтың әсеріне ұшырайды. Осылайша, қазіргі емдеу әдістерді айтарлықтай тиімді емес. Сондықтан балама терапияға деген қажеттілік орын алып отыр. МДЖ негізіндегі жасушалық-терапиялық тәсіл арқылы мәселені шешуге болады, себебі бұл тәсіл аурудың белгілеріне әсерін жақсартып қана қоймай, аутоиммундық аурулар кезінде иммундық жүйедегі теңгерімді де реттейді.
Диссертация жазу барысы туралы не айтар едіңіз?
Біз зерттеудің in vitro бөлігін аяқтадық, алынған деректерді өңдеп, оларды сипаттадық. In vitro дегеніміз – тірі организмнен тыс зертханалық жағдайда зерттеу жүргізу. Сонымен, біз МДЖ- ны бөліп алдық, оларды сипаттадық және дақылдық ыдыстарда қабыну ортасын жасадық, оны қабыну факторларымен өңдедік. Соңында біз жасушалардың бақылау топтарымен (өңделмеген жасушалармен) салыстырғанда иммуномодуляциялық әсерлерінің артқаны туралы деректер алдық.
Өз жоспарларыңыз жайлы айтып беріңізші.
Біз тышқандарда in vivo зерттеуін бастауды жоспарлап отырмыз. In vivo зерттеу тірі организмде жүргізілетінін білдіреді. Менің зерттеуімде бұл тышқан. Алдымен біз тышқандардағы РА-ны модельдейміз және аурудың дамуы мен өршуін бағалаймыз. Содан кейін біз тышқандарды бұрын дайындалып жасалған, емдік әсері жақсарған MДЖ-мен емдейміз.
Болашақ докторанттарға қандай кеңес берер едіңіз?
Біріншіден, болашақ зерттеуіңіз сізді қызықтыратын нәрсе екеніне көз жеткізіңіз. Екіншіден, тапжылмай еңбек етіңіз және бұл оқу емес, жұмыс екенін ұмытпаңыз. Үшіншіден, өзіңізді қамқорлыққа бөлеп, үзіліс жасаңыз. Соңында айтарым, кейде сәтсіздіктер болса да, ешқашан мойынсұнбаңыз, сәтсіздіктер сізді мықты етіп, PhD өміріңізде бейімделуге көмектеседі!
Рақмет, диссертацияңызды сәтті қорғауыңызға тілектеспіз!








