Қазақстанды өндірістік елге қалай айналдыруға болады: NU-да индустрияның болашағы талқыланды

Қазақстанды бәсекеге қабілетті өндірістік елге қалай айналдыруға болады? Бұл мәселе 2–4 қыркүйек күндері NU-да өткен Өндіріс саласындағы зерттеулер жөніндегі 23-ші халықаралық конференцияның (International Conference on Manufacturing Research — ICMR 2026) негізгі тақырыптарының біріне айналды.

40 жылға жуық тарихы бар ICMR конференциясы өндіріс пен инженерия саласындағы жаңа технологиялар мен өзекті мәселелерді талқылау үшін ғалымдарды, оқытушыларды және өнеркәсіп өкілдерін бір алаңға жинайды. Конференция дәстүрлі түрде Ұлыбританияда өтеді, бұған дейін Швецияда да ұйымдастырылған. Биыл іс-шара Қазақстанда алғаш рет NU Инженерия мектебімен серіктестікте өтті.

Конференцияны аша отырып, NU президенті профессор Вакар Ахмад өндірістік әлеуетті дамыту экономиканы әртараптандыруға, инновацияны күшейтуге және білімге негізделген экономиканы қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдерісте университеттердің рөлі зор. Олар білікті инженерлер даярлаумен қатар, жаңа технологиялар әзірлеуге де үлес қосады.

«Осы бағытта NU өңірдегі жетекші ғылыми-технологиялық парк құруда. Біз әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізіп, жоғары білікті инженерлер даярлап, білімді нақты шешімдерге айналдыруымыз керек. Бұл NU миссиясымен тығыз байланысты. Университет халықаралық академиялық қауымдастықпен берік байланысын сақтай отырып, инновацияның, ғылыми ілгерілеудің және ұлттық дамудың қозғаушы күшіне айналуға ұмтылады»,деді профессор Вакар Ахмад.

Конференцияның алғашқы сессияларының бірі «Made in Kazakhstan: Can We Build a Manufacturing Nation?» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа арналды. Alstom, Wabtec және Air Liquide компанияларының өкілдері ғалымдармен және конференцияның басқа қатысушыларымен бірге Қазақстанда бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін не қажет екенін талқылады.

Қазақстанның өндірістік әлеуетіне тоқталған Канаданың University of British Columbia университетінің профессоры Юсуф Алтынтас ел үшін табиғи ресурстарды игерумен шектелмей, өз өндірісін дамыту арқылы олардың қосылған құнын арттыру маңызды екенін айтты.

«Меніңше, өндірістік базаны қалыптастыруда қандай бағыттарға басымдық беру керегін анықтап алу қажет. Оның негізі әрдайым машина жасау саласы болады. Мұнайды барлауға немесе өңдеуге, техника шығаруға не ауыл шаруашылығында қолдануға арналған жабдық болсын — кез келген жағдайда әртүрлі өнімді өндіруге және өңдеуге мүмкіндік беретін машиналар мен құрал-жабдықтар қажет. Алайда мұнда басты факторлардың бірі — адам капиталы. Бізге жоғары білікті, кәсіби даярлығы мықты инженерлер мен өндірістік технологияларды жақсы меңгерген мамандар қажет»,деді профессор Алтынтас.

Пікірталасқа қатысушылар жаңа өндірістерді дамыту сұранысқа ие жұмыс орындарын ашып, білікті мамандардың елде қалуына ықпал ететінін де атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіптің тұрақты дамуы мемлекет, университеттер және бизнес арасындағы тығыз байланысты талап етеді.

Тағы бір маңызды мәселе — жобалау мен өндірістің өзара байланысы. Профессор Алтынтастың айтуынша, бұл екі үдеріс бір-бірінен алшақ болмауы керек.

«Егер бұл екі үдеріс бір-бірінен алшақ болса, жүйе тиімді жұмыс істемейді. Инженер-конструктор өзі әзірлеген өнімнің іс жүзінде қалай өндірілетінін түсінуі керек. Сонда ғана өнімді дұрыс жобалай алады. Сонымен қатар инженер тікелей өндіріс цехына барып, өнім шығару кезінде туындайтын мәселелерді көріп, соған қарай конструкцияға қажетті өзгерістер енгізе алуы тиіс»,деді профессор.

ICMR 2026 аясында Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Қазақстан және басқа елдердің ғалымдары әзірлеген рецензияланған 60-тан астам ғылыми жұмыс ұсынылды. Зерттеулер робототехника мен автоматтандырудан бастап, жасанды интеллект, машиналық оқыту, цифрлық өндіріс және «Индустрия 4.0» технологияларына дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтыды.

Қатысушылар өндірісте жасанды интеллектіні қолдануға да ерекше назар аударды. Ұсынылған зерттеулер жасанды интеллектінің жекелеген операцияларды автоматтандыруға, өндірістік деректерді талдауға, ықтимал мәселелерді алдын ала анықтауға және үдерістердің тиімділігін арттыруға қалай көмектесетінін көрсетті.

Бұл технологиялар Smart Manufacturing, яғни ақылды өндіріс тұжырымдамасының негізін құрайды. Мұнда жабдықтар, датчиктер, компьютерлер мен алгоритмдер деректермен үздіксіз алмасып отырады. Цифрлық өндірісте қолданылатын тағы бір маңызды құрал — Digital Twins, яғни цифрлық егіздер. Олар нақты жабдықтардың немесе өндірістік үдерістердің виртуалды үлгілері. Мұндай модельдер әртүрлі сценарийлерді алдымен цифрлық ортада сынап көруге, содан кейін ғана өндірісте іске асыруға мүмкіндік береді.

Мұндай технологиялардың дамуы мамандарды даярлау тәсілдерін де өзгертуді талап етеді. «Біз үшін инженерлік этика, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және басқа да заманауи бағыттар білім беру мен зерттеу үдерісіне табиғи түрде кіріктірілуі маңызды. Сонымен қатар пәнаралық зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамытуға ұмтылып отырмыз. Біз бұл жолды енді бастап келеміз», деді NU провосты, профессор Рехан Садик.

ICMR 2026 конференциясының Қазақстанда өтуі студенттер мен жас зерттеушілер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашты. Олар жетекші ғалымдармен және халықаралық өнеркәсіп өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, жаңа технологиялармен танысып, кәсіби дамудың келешегін талқылай алды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53