Шеттегі дауыстар: NU-да әлемдегі ірі гендерлік конференциялардың бірі өтті

8–10 маусым аралығында Nazarbayev University-де Gender, Work & Organization (GWO) 2026 атты 16-шы халықаралық конференция өтті. Іс-шара гендерлік зерттеулер мен еңбекті ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылау үшін ғалымдарды, сарапшыларды және креативті индустрия өкілдерін бір алаңға жинады. Конференцияны NU-дың Кәсіпкерлікті зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Биылғы конференцияның тақырыбы — «Шеттегі дауыстар: гендер, еңбек және ұйым туралы жаңа көзқарастар». Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ден астам қатысушы келді. Олардың қатарында гендерлік зерттеулер саласындағы 20-дан астам жетекші халықаралық сарапшы болды. Негізгі спикерлер қатарында Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің профессорлары Найла Кабир (Naila Kabeer) мен Люсинда Платт (Lucinda Platt), сондай-ақ Нельсон Мандела университетінің профессоры Пумла Динео Гкола (Pumla Dineo Gqola) және өзге де зерттеушілер бар.

«Gender, Work & Organization халықаралық конференциясын өткізу — біздің диалогқа, инклюзивтілікке және пәнаралық ынтымақтастыққа деген ұстанымымызды көрсетеді. Бүгінде Nazarbayev University білім алмасудың өңірлік орталығы ретінде астрофизика, материалтану және энергетика, ақылды жүйелер мен жасанды интеллект, медициналық робототехника мен көмекші технологиялар, сондай-ақ әдебиет, білім беру, даму, гендер, еңбек және қоғам мәселелерін қамтитын 20-дан астам конференция мен іс-шараны қолдайды. Осындай пікірталастар арқылы біз жаңа білім қалыптастырып қана қоймай, өңірлер, мәдениеттер мен тәжірибелер арасында көпір құрамыз», — деді NU президенті профессор Вакар Ахмад құттықтау сөзінде.

GWO конференциясы 1994 жылдан бері, дәл осы атаудағы ғылыми журнал құрылған уақыттан бастап өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде ол гендерлік қатынастардың еңбек үдерістеріне, ұйымдық құрылымдарға және қоғамдық өзгерістерге әсерін талқылайтын халықаралық алаңға айналды.

Gender, Work & Organization журналының бас редакторлары да конференцияның Қазақстанда өтуінің маңызын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, Қазақстан — империялар мен идеялардың, көшпелі дәстүрлер мен социалистік мұраның, постсоциалистік өзгерістер мен жаңа жаһандық байланыстардың тоғысқан жері.

«Ғалымдармен, әсіресе “Жаһандық Оңтүстік” елдерінің зерттеушілерімен ынтымақтастықты кеңейту — біздің негізгі стратегиялық басымдықтарымыздың бірі. Конференцияны Орталық Азияда өткізу осы ұстанымымызды көрсетеді. Бұл өңір осы уақытқа дейін GWO аясында жеткілікті деңгейде таныстырылған жоқ. Сондықтан аталған конференция аймақтың көзқарастары мен тәжірибелерін ортақ талқылауларға кеңірек енгізуге ықпал етеді деп сенеміз», — деді олар.

Үш күн бойы конференция аясында 30 тақырыптық сессия қатар өтті. Онда білім беру, ана болу, мұсылман әйелдердің жағдайы, жұмыс орнындағы теңсіздік, әйелдер миграциясы және басқа да гендерлік мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар конференция барысында Tamyr Bazar жәрмеңкесі ұйымдастырылып, әйел кәсіпкерлер ұлттық қолөнер бұйымдарын таныстырды. Қатысушылар үшін ұлттық кесте тігу мен дәстүрлі ою-өрнек салу бойынша шеберлік сабақтары да өткізілді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53