Nazarbayev University түлектері қазір түрлі салаларда еңбек етіп, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуда. Университеттің үш түлегі Қазақстан Республикасының заң шығару функцияларын жүзеге асыратын жаңа жоғары өкілді органы — Құрылтайдың алғашқы құрамына енді.
Құрылтай депутаттарының бірі — Graduate School of Education түлегі Лаура Қарабасова. Оның кәсіби қызметі білім беру саясаты, реформалар және академиялық басқару салаларымен байланысты. Л. Қарабасова Назарбаев Зияткерлік мектептерінде және NUGSE-де жұмыс істеп, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және жоғары оқу орындарының басшыларын даярлауға қатысты. Оның ғылыми зерттеулері білім беру реформаларына, көптілді білім беруге және тіл саясатына арналған және жетекші халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған. Ғылыми қызметі үшін «Жыл зерттеушісі» сыйлығымен марапатталған. Құрылтайға сайланғанға дейін Л. Қарабасова Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры қызметін атқарды.
Айжан Темербаева да GSE түлегі. Ол 2015 жылы Educational Leadership бағыты бойынша Master of Science дәрежесін, ал 2025 жылы Education бағыты бойынша PhD дәрежесін алды. А. Темербаева 300-ден астам зерттеушіні біріктіретін Жас ғалымдар альянсының тең құрылтайшысы. Ол META University мен Еуразия технологиялық университетінің ректоры, сондай-ақ Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры міндетін атқарушы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Президенттік жастар кадр резервінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің және бірқатар қоғамдық әрі кәсіби ұйымдардың мүшесі.
Құрылтай құрамына Graduate School of Public Policy түлегі Тілектес Адамбеков те енді. Ол еңбек жолын телекоммуникация және технологиялар саласынан бастап, кейін инвестиция және финтех жобаларын дамыту бағытында жұмыс істеді. Кейінгі қызметі мемлекеттік басқару және парламенттік жұмыс салаларымен байланысты болды. Т. Адамбеков Парламент Мәжілісінің екі шақырылымының депутаты болды. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
Енді Құрылтай аясында университет түлектері ел үшін маңызды мәселелер мен бастамаларды талқылауға атсалысады.








