Nazarbayev University-дің (NU) 70 ғалымы мен профессоры Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең көп дәйексөз келтірілетін 100 зерттеушінің қатарына енді. Рейтинг нәтижелері NU-дың еліміз бен өңірдегі ғылым мен зерттеулерді дамытудағы жетекші рөлін айқын көрсетеді.
Рейтинг Қазақстанның ең көп дәйексөз келтірілетін 500 ғалымын қамтиды және 2021–2025 жылдар аралығындағы халықаралық Web of Science дерекқорындағы жарияланымдарды талдау негізінде жасалған. Тізімді қалыптастыру кезінде ғылыми мақалалар мен шолулар, олардың дәйексөзделу деңгейі, автордың жарияланымға қосқан үлесі, қазақстандық аффилиациясының болуы, сондай-ақ өзін-өзі дәйексөздеу көрсеткіштері ескерілген.
Елдің ең көп дәйексөз келтірілетін он ғалымының қатарына бірден NU-дың төрт өкілі енді. Олар – Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессорлары Шазим Мемон, Жұмабай Бәкенов және Джонг Ким, сондай-ақ Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің профессоры Пейман Пурафшари.
Жалпы, университет зерттеушілері инженерия, математика және жаратылыстану ғылымдарынан бастап әлеуметтік ғылымдар, саясаттану және әдебиетке дейінгі ғылыми бағыттардың басым бөлігінде ұсынылған.
Рейтингке енген ғалымдардың арасында өз зерттеулерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін әзірлемелер жасап жүрген NU-дың әйел зерттеушілері де ерекше орын алады. Профессор Алмагүл Ментбаева газ сенсорлары саласында зерттеулер жүргізсе, профессор Анара Сандығұлова аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған әлеуметтік роботтарды әзірлеу жобасын басқарады. Ал профессор Гүлнұр Калимулдина спортшыларды бақылау және оңалту технологияларымен айналысып, «ақылды» ұлтарақты қоса алғанда бірқатар инновациялық шешімді әзірлеуде.
Ұлттық ғылым академиясының мәліметінше, рейтингтің мақсаты – халықаралық ғылыми дерекқорлардағы жарияланымдардың дәйексөзделу көрсеткіштері арқылы өлшенетін әлемдік ғылымға қосқан үлесіне сүйене отырып, жекелеген ғылыми бағыттар бойынша еліміздің ең ықпалды зерттеушілерін анықтау.
NU беделді Times Higher Education рейтингі бойынша Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші зерттеу университеті ретінде танылған. «Зерттеулер сапасы» көрсеткіші бойынша университет 76,8 балл жинады. Салыстыру үшін, әлемнің үздік 30 университетінің қатарына кіретін және 150 жылға жуық тарихы бар University of Tokyo бұл көрсеткіш бойынша 68,26 балл алған, бұл NU нәтижесінен айтарлықтай төмен.
Қазақстанның ең көп дәйексөз келтірілетін ғалымдарының толық тізімімен Ұлттық ғылым академиясының сайтынан танысуға болады.








