NU-де перспективалы материалдар мен құрылғылар жөніндегі халықаралық симпозиум өтті

Жаңа материалдар қалайша таза энергетиканың, тиімді денсаулық сақтаудың және болашақ технологиялардың негізіне айналады? Дәл осы сұрақтың төңірегінде NU-де ғалымдар, индустрия өкілдері мен сарапшылар 5-ші халықаралық перспективалы материалдар мен құрылғылар симпозиумы аясында бас қосты.

Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен шақырылған спикерлер мен қатысушылар жиналды. Олардың қатарында Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия, Грузия, Өзбекстан және Сингапур өкілдері болды.

Симпозиумның ашылуында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек материалтанудың болашақ индустрияларды қалыптастырудағы және өмір сапасын арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті.

«Жаңа материалдар — бұл тар ауқымды ғылыми бағыт қана емес. Бұл — инфрақұрылым. Таза энергетикаға көшу, медицинадағы әрбір серпіліс, жаңа буындағы әрбір құрылғы бір сұрақтан басталады: жаңа материал бұрын ешбір материал жасай алмаған қандай мүмкіндік ұсына алады?

Осы залдағы зерттеушілер дәл осы сұрақты ең жоғары ғылыми деңгейде қойып отыр. Қазақстан мұндай зерттеулердің дәл осы жерде жүзеге асуына жағдай жасап келеді — халықаралық симпозиумдар мен конференциялар өткізу үшін ғана емес, ғылымның өзін өндіру үшін», — деді министр.

Министр сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және инновациялық экожүйені нығайтуды жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар зерттеу әлеуетіне инвестиция салуды, халықаралық серіктестіктерді дамытуды және озық зерттеулер мен технологияларды қолдайтын инфрақұрылымды қалыптастыруды қамтиды. Сонымен қатар, ол қазіргі ғылымның пәнаралық сипатына және жаңа материалдарды әзірлеу мен зерттеулердің жаңа тәсілдерін жеделдетудегі жасанды интеллекттің рөліне тоқталды.

NU жанындағы Жаңартылатын энергетика зертханасының жетекшісі профессор Нурхат Нураже зертхананың дамуы және симпозиумның кеңірек бағыты туралы айтты. Оның сөзінше, негізгі басымдықтардың бірі — ғылыми жаңалықтан нақты қолдануға дейінгі жолды қысқарту.

Симпозиум аясындағы талқылаулар тек іргелі зерттеулерге ғана емес, ғылыми нәтижелерді зертханадан нақты технологиялар мен шешімдерге жеткізу тетіктеріне де арналды.

Профессор зертхананың жаңа жарықсезімтал және көпфункционалды материалдар бағытындағы зерттеулерін кеңейтіп жатқанын, сондай-ақ күн энергетикасы, сутегі өндіру және сақтау, биомассаны өңдеу және сенсорлық технологиялар салаларындағы жобаларды дамытып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар зертхана халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, қолданбалы және коммерциялық әлеуеті бар зерттеулерді ілгерілетуді жалғастырып келеді.

2019 жылдан бері NU алаңында өткізіліп келе жатқан симпозиум зерттеушілерді, индустрия өкілдерін және халықаралық серіктестерді біріктіретін маңызды алаң ретінде өз жұмысын жалғастырып, жаһандық ғылыми сын-қатерлер төңірегіндегі диалогты дамытуға үлес қосып келеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53