Орталық Еуразияға жаңа көзқарас: CESS 2026 конференциясы 39 елден келген зерттеушілердің басын қосты

Nazarbayev University-де «Орталық Еуразияға жаңа көзқарас: кеңістік, қоғам және билік» ((Re)thinking Central Eurasia: Spaces, Societies, and Power) тақырыбындағы Орталық – Еуразиялық зерттеулер қауымдастығының (CESS) 2026 жылғы өңірлік конференциясы өтті. Бүгінде CESS әлемнің түкпір-түкпіріндегі 500-ден астам зерттеушіні біріктіріп, Орталық Еуразияны зерттеу бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың дамуына ықпал етіп келеді. 

Конференцияның ашылу рәсімінде Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай, NU Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (GSPP) деканы Риккардо Пелиццо және CESS-тің 2026 жылғы президенті, сондай-ақ GSPP зерттеулер жөніндегі вице-деканы Дина Шарипова сөз сөйледі. 

«Орталық – Еуразиялық зерттеулер қауымдастығының өңірлік конференциясын өткізу үшін NU-ды таңдауы біз үшін үлкен мәртебе. CESS көптеген жылдар бойы Орталық Еуразияны зерттеу ісінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдардың өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, жаңа идеялар ұсынып, өңіріміз туралы түсінікті тереңдету үшін бір алаңда бас қосуы біз үшін ерекше маңызды», – деді NU вице-президенті Гүлмира Қанай. 

Конференцияның негізгі баяндамасын Жапониядағы Цукуба университетінің және Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы Әлемдік экономика және дипломатия университетінің халықаралық қатынастар профессоры Тимур Дадабаев жасады. Ол өз сөзінде жаһандық тәртіп өзгеріп жатқан кезеңдегі Орталық Еуразияның жаңа рөлі туралы айтты. 

«Ұзақ уақыт бойы Орталық Азия ірі державалардың бәсекелестік алаңындағы транзиттік дәліз, буферлік аймақ немесе шеткері кеңістік ретінде қарастырылып келді. Алайда бүгінде зерттеушілердің жаңа буыны өңір елдерінің дербес рөліне, деколониалдық көзқарастарға, жергілікті халықтың пікіріне және Орталық Азияны түсіндірудің балама тәсілдеріне көбірек назар аудара бастады», – деді ғалым. 

Тимур Дадабаевтың айтуынша, өңір егемендік пен тату көршілік қағидаттарына негізделген өзіндік өңірлік ынтымақтастық үлгісін қалыптастырып келеді. Бұл үлгі дипломатия құралы ретіндегі «стратегиялық үнсіздік», саяси мәлімдемелерден гөрі бейресми үйлестіруге сүйенетін «үнсіз өңіршілдік», сондай-ақ терең интеграциясыз-ақ тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін көршілестік байланыстар жүйесі сияқты элементтерді қамтиды. 

«Орталық Азияда ұлт болу – бір мезгілде жақсы көрші болу деген сөз. Ұлттық бірегейлік пен өңірлік қатынастар өзара ықпал етеді. Мемлекеттің қуатты болуы үшін оның айналасы тұрақты болуы қажет, ал елдің табысты дамуы өңірдегі бейбіт қатар өмір сүрумен тығыз байланысты», – деді профессор. 

Ол сондай-ақ Орталық Азияда егемендік ұғымының өзі жаңаша түсіндіріліп жатқанын атап өтті. Мемлекеттер тәуелсіздігін сақтай отырып, оны өңірлік тұрақты байланыстар арқылы жүзеге асырады. Мұндай қатынастар бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен дамуына негіз болады.

Конференцияға 39 мемлекеттен келген 500 астам делегат қатысты. Олар әлемнің 180-нен астам университеті, зерттеу орталығы мен ұйымының атынан келді. Ғылыми баяндамалар, панельдік пікірталастар және бейресми кездесулер барысында қатысушылар қоғам, бірегейлік, басқару, көші-қон үдерістері және өңірлік өзгерістерді зерттеудегі пәнаралық тәсілдер жөнінде пікір алмасты.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53