Астанада Nazarbayev University-де Asian Universities Alliance (AUA) президенттері форумы 2026 өз жұмысын бастады.
Форумға Азия және өзге де өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Олардың қатарында Tsinghua University, The Hong Kong University of Science and Technology, Nazarbayev University, United Arab Emirates University, Chulalongkorn University, The University of Tokyo, Vietnam National University және Seoul National University бар.
Талқылау өзегінде жоғары білімнің болашағын айқындайтын екі негізгі бағыт тұр: университеттерді басқару модельдерін қайта қарау және оқу орындарының бизнес және өнеркәсіппен байланысын күшейту.
Бастапқыда Біріккен Араб Әмірліктерінде жоспарланған саммит өңірдегі тұрақсыздыққа байланысты Астанаға ауыстырылды. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық деңгейдегі рөлінің күшейгенін және Nazarbayev University-дің өңірдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі ретіндегі беделін айқындап отыр.
Қатысушылар институционалдық икемділік, академиялық дербестік, басқарудағы инновациялық тәсілдер және болашақтың оқу орындарына арналған көшбасшылық модельдері мәселелерін талқыламақ. Сондай-ақ пікірталаста университеттер мен индустрия арасындағы серіктестіктің білім беру үдерісін күшейтуі, тәжірибеге негізделген оқытуды дамытуы және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеуі, оған қоса академиялық құндылықтар мен ұзақ мерзімді ынтымақтастық тұрақтылығын сақтау жолдары қарастырылады.
Asian Universities Alliance туралы
Asian Universities Alliance 2017 жылы Бейжіңдегі Tsinghua University базасында құрылып, Азияның жетекші 15 университетін біріктірді. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде 401–500 аралығында орналасқан әрі Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі үздік университет ретінде танылған Nazarbayev University — альянстың негізін қалаушы мүшелерінің бірі.



















