Бірнеше жыл бұрын Арухан Кенестің туыстары гүл саудасына тән мәселеге тап болды: сатылым артқанымен, дүкен иелері нақты табыстың көлемін анықтай алмады. Гүлдердің бір бөлігі байқалмай есептен шығарылып, алдын ала берілген тапсырыстар жоғалып кететін, ал есеп жүргізу бірнеше кесте мен мессенджерде қатар жүзеге асатын.
Осы мәселені шешу үшін студент флористерге арналған өз басқару жүйесін әзірлеуге кірісті. Бүгінде FLORAX.KZ платформасын Қазақстандағы 200-ден астам гүл дүкені пайдаланады, ал жоба халықаралық нарыққа шығу бағытында дамып келеді.
Nazarbayev University-дің Data Science бағыты бойынша магистратура студенті Арухан Кенес стартапты 2024 жылдан бері дамытып келеді. Алдымен NU Foundation бағдарламасында, кейін шетелде білім алған ол бағдарламалау олимпиадаларына белсенді қатысып, 2022 жылы Нидерландта өткен ICPC чемпионатының жартылай финалына дейін жеткен. Жас кәсіпкердің айтуынша, дәл осы тәжірибе күрделі мәселелерге жедел әрі тиімді шешім табуға үйреткен.
«Мен үшін технология – жай ғана мамандық емес, нақты мәселелерді шешудің құралы. Адамдардың бизнесін тиімді жүргізуіне және дамуына көмектесетін өнімдер жасаған ұнайды», – дейді Арухан.
Қазір стартап гүл дүкеніне арналған тұтас цифрлық экожүйеге айналған. Платформа онлайн-көрме, алдын ала тапсырыстар күнтізбесі, клиенттер базасы, бонустық жүйе, сондай-ақ сатылымды, қойма қорын және есептен шығарылатын тауарларды талдауға арналған құралдарды қамтиды. Ең сұранысқа ие мүмкіндіктердің бірі – жүйемен телефон арқылы жұмыс істеу. Бұл флористерге тапсырыстарды жылдам өңдеуге және жұмыста икемді болуға мүмкіндік береді.
Жобаның жеке бағыты жасанды интеллектімен байланысты. Жүйе гүл шоқтарының фотосуреттерін талдап, гүлдерді және олардың түрлерін тануды біртіндеп меңгеріп келеді.
«Дүкен жүйені неғұрлым көп пайдаланған сайын, оның ассортиментіндегі гүлдерді тану дәлдігі де соғұрлым артады. Мұндағы басты қиындық – бір ғана раушан гүлінің жүздеген сұрпы мен түсі болуы мүмкін. Сондықтан біз әлемдегі барлық ботаникалық түрлерді қамтуға емес, нақты дүкеннің күнделікті қажеттіліктеріне басымдық береміз», – деп түсіндіреді Арухан.
Студенттің айтуынша, жобаның дамуына университетте алған білімі, әсіресе жасанды интеллект саласындағы даярлығы, сондай-ақ оқытушылар қолдауы мен университет ортасы үлкен ықпал еткен. Жоба оның дипломдық жұмысының негізіне айналды. Ал университет кампусындағы гүл дүкені бұл жүйені тегін пайдаланып келеді.
Команда алдағы уақытта да жасанды интеллект құралдарын енгізуді жоспарлап отыр. Олар гүл шоқтарын талдау, баға қалыптастыруға көмектесу, композициялар әзірлеу, фотосуреттер сапасын жақсарту және клиенттермен жұмысты автоматтандыру бағыттарын қамтиды.













