Nazarbayev University-де «Аутизмге қатысты зерттеулер мен әзірлемелер» атты конференция өтіп, онда ғалымдар, дәрігерлер және сарапшылар аутистикалық спектрдегі балаларға көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін талқылады.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі — робототерапия болды. Қатысушыларға APRIL жүйесі таныстырылды. Бұл шешім әлеуметтік роботтарды, аутизмге арналған он түрлі құрал біріктірілген жасанды интеллект платформасын және дағдыларды дамытуға негізделген ғылыми әдістемені ұштастырады.
Университеттің вице-президенті Әсел Увалиева мұндай бастамалардың қоғамдық маңызын атап өтті: «Ғылым — тек жарияланымдар ғана емес, ол адамдардың өміріне нақты әсер етуі тиіс. Бүгін ғалымдар, дәрігерлер, педагогтер, инженерлер, бизнес өкілдері және басқа да сарапшылар арасында маңызды диалог өрбиді. Осындай өзара пікір алмасу өзекті мәселелердің шешімін табуға негіз болады».
Child Robotics Lab зертханасының жетекшісі Анара Сандығұлованың айтуынша, арнайы роботтар балаларға байланыс орнатуды жеңілдетіп, зейінді ұзақ сақтауға көмектеседі, сондай-ақ сөйлеу дағдыларының дамуына ықпал етеді. «Жеті жастағы қыз бірнеше сабақтан кейін алғаш рет анасының көзіне тік қарай бастады. Бұған дейін ол көзбен байланыстан қашқақтайтын. Алдымен көзқарасты бақылай алатын роботқа назар аударып үйренді, кейін бұл дағдысын анамен қарым-қатынаста қолдана бастады», — дейді NU-дың қауымдастырылған профессоры Анара Сандығұлова.
Роботтар жүздеген стандартталған жаттығуды орындауға және сабақтарды әр баланың ерекшелігіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл технология Қазақстанның жеті оңалту орталығында енгізілді, 500-ден астам балалар терапиядан өтті. Жасанды интеллект платформасы ата-аналарға арналған жеке кабинет арқылы баланың әлеуметтік және танымдық дағдыларының даму барысын бақылауға, сондай-ақ тренингтер мен тестілеуден өтуге жағдай жасайды.
Зерттеу тобы 2019 жылдан бері бес жыл бойы бейнемәліметтерді жинап, талдаған. Нәтижелері халықаралық жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жарияланған. 2023 жылы команда Павлодар қаласында алғашқы орталықты іске қосып, Швейцарияда өткен беделді конференцияда марапатқа ие болды. Осылайша, Қазақстан аутизмі бар балалармен жұмыс істеуде робототерапияны тәжірибеге енгізіп жатқан елдердің қатарына қосылды.
Конференцияда сондай-ақ EZPECS жобасы ұсынылды — бұл сөйлеу, қарым-қатынас және оқу дағдыларын дамытуға арналған цифрлық платформа. Әзірлеушілер технологиялар мамандардың орнын баспай, олардың жұмысын толықтыратынын және оңалтудың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Қатысушылар аутизмді қабылдау тәсілдерінің өзгеруіне де назар аударды. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда нейроалуантүрлілік тұжырымдамасы кеңінен таралып келеді. Бұл көзқарас бойынша аутизм ауру емес, адамның өмір бойы сақталатын даму ерекшелігі ретінде қарастырылады.
NU магистратурасының түлегі, McGill University PhD дәрежесінің иегері Нариман Амантаев аутизм диагнозы зертханалық талдаулар арқылы емес, баланың мінез-құлқы мен дамуын бақылау негізінде қойылатынын айтты. Сондай-ақ ол ғылыми ортада стигматизация тудыратын терминдерден бас тарту үрдісі қалыптасып келе жатқанын атап өтті: «“Аутист адамдар” немесе “спектрдегі адамдар” деген атаулар нейроалуантүрлілік ұстанымына жақын. Бұл тәсіл аутизмге қатысты стигма мен кемсітуді азайтуға мүмкіндік береді. Ал “аутистикалық спектр бұзылысы” термині қауымдастықтың бір бөлігі тарапынан толық қабылданбайды», — деді ол.
Әлем бойынша аутистикалық спектр бұзылыстары бар балалар саны артып келеді. Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығының дәрігер-неврологы Зульфия Ахметжанованың мәліметінше, жыл сайын шамамен 4 200 бала оңалтудан өтеді, олардың 400-ден астамында аутизм диагнозы бар. Тағы 400-ге жуық бала басқа диагнозбен келеді, бірақ олардың арасында да аутизм белгілері кездесуі мүмкін. «Біздің мультидисциплинарлық команда құрамында дәрігер-үйлестіруші, психиатр, сурдолог, эрготерапевт, логопед, дефектолог және психолог бар. Біз әр балаға жеке оңалту бағдарламасын әзірлеп, ата-аналарға баланың ерекшеліктерін жақсы түсінуге көмектесеміз», — деді маман.
Конференцияда сондай-ақ аутизм саласының жетекші сарапшылары — зерттеуші Аида Әмір, “Bolashak Charity” қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, “Bala” орталығының жетекшісі Азамат Бақытбеков, “Балам-ай” қорының төрайымы Әсел Жасанова және басқа да мамандар сөз сөйледі. Қатысушылар ерте диагностика, баланың таңбалық-символдық ойлауын дамыту, мемлекет, қоғам және бизнес арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ әлеуметтік инклюзия мәселелерін талқылады.


















