Nazarbayev University-де панельдік сессия өтті, оған KPMG Кавказ және Орталық Азия өңірінің Басқарушы серіктесі әрі CEO-сы Сәкен Жұмашев және ҚР Ұлттық банкі Төрағасы Тимур Сүлейменов қатысты. Іс-шараны NU студенттік қауымдастығы Economic Leadership Society ұйымдастырды. Оның бастамасымен NU алаңына қаржы, экономика және аналитика саласындағы кәсіби мамандар мен энтузиастардан тұратын шамамен 500 қатысушы жиналды.
Кездесу үш негізгі тақырыпқа арналды: қаржы жүйесінің дамуы, теңгеге деген сенім және ағымдағы бизнес-трендтер. Сессия мемлекеттік басқару мен халықаралық бизнестің көзқарастарын біріктіріп, әртүрлі тәсілдердің елдің қаржылық және адам капиталы болашағын қалай қалыптастыратынын көрсетті.
Тимур Сүлейменов NU болашақ Ұлттық банк қызметкерлерін даярлауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Гранттық қолдау арқылы банк студенттердің зерттеу құзыреттеріне және адам капиталының дамуына инвестиция жасап, деректерге негізделген шешім қабылдай алатын мамандарды қалыптастырады.
Ол сондай-ақ жоғары инфляция экономикалық қауіптің маңызды факторы болып қала беретінін, ал Ұлттық банк мақсаты – оны 5% деңгейінде ұстап тұру екенін атап өтті. Қазіргі бақылау жүйелері шамамен 6,7 миллиард теңге сомасындағы алаяқтықты болдырмауға мүмкіндік беріп, жүздеген мың азамат үшін қаржылық тәуекелді төмендетті.
Сакен Жұмашев Big4 компанияларының экономика инфрақұрылымы және оның өсу көрсеткіші ретіндегі рөлін атап көрсетті. Бұл компаниялар тек аудит қызметін көрсетіп қана қоймай, IT жүйелерін енгізу, тарифтік әдістемелерді әзірлеу және салықтық реттеу сияқты түрлі салалардағы білімді жинақтайтын кешенді институттар болып табылады.
Мысалы, KPMG әлемде 140 елде 300 мың қызметкерді біріктірсе, Кавказ және Орталық Азия өңірі барған сайын интеграцияланып келеді — ал Қазақстан өңір бойынша жобаларды жүзеге асыратын ең ірі практика ретінде қалып отыр. Жұмашевтың байқауы бойынша, NU Қазақстандағы Big4 компаниялары үшін ең көп маман дайындайды, олардың көпшілігі батыс университеттері түлектерінен кем емес немесе одан да жоғары білім деңгейін көрсетеді.
Сессияда экономиканың стратегиялық маңызды салаларына да ерекше назар аударылды: мұнай, сирек жер металдары және құрылыс. Бұл салалар елдің болашақ мүмкіндіктерін қалыптастырып, білім мен қызметтерді экспорттауға мүмкіндік береді және шетелдік инвестицияларды тартады. Мысалы, Қазақстанның құрылыс индустриясы 2020 жылы 5 трлн теңгеден 2025 жылы шамамен 11 трлн теңгеге дейін өсті, ал көлік және логистика елді өңірдің негізгі транзиттік түйініне айналдырып келеді.
Сессия соңында спикерлер аудиторияның экономиканы басқарудың практикалық құралдары, жаһандық турбуленттіліктің теңгеге әсері және мансаптық перспектива туралы сұрақтарына жауап берді. Дискуссия әсіресе қаржы нарықтарына, цифрлық инновацияларға және адам капиталының дамуына қызығушылық танытқан студенттер, жас мамандар мен аналитиктер үшін пайдалы болды.
Фото: NU Image








