28 қаңтар күні Nazarbayev University-де қалдықтарды басқару саласындағы өзекті экологиялық мәселелерге арналған EcoTalks пікірталасы өтті. Іс-шара қалдықтардың пайда болуынан бастап, оларды бөлек жинау, қайта өңдеу, қайта пайдалану және zero-waste тәжірибелерін енгізуге дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Шара NU Тұрақты даму кеңсесінің ұйымдастыруымен өтті.
EcoTalks алаңы мемлекеттік органдардың, бизнестің, ғылыми қауымдастықтың, экологиялық бастамалардың және студенттер қауымдастығы өкілдерін біріктірді. Пікірталас барысында қатысушылар қалдықтарды басқару саласындағы негізгі сын-қатерлерді, қайта өңдеудің табысты кейстерін, бизнестің өндірістік қалдықты азайтудағы рөлін, сондай-ақ ғылым мен университеттердің тұрақты шешімдерді әзірлеу мен оларды ілгерілетудегі үлесін талқылады. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және күнделікті өмірде тұрақты әдеттерді енгізуге ерекше назар аударылды.
EcoTalks іс-шарасының өткізілуі NU-дың Қазақстандағы тұрақты даму мәселелері бойынша жетекші ғылыми-білім беру және пікірталас алаңы ретіндегі рөлін айқындай түседі.















