18 қазанда Nazarbayev University аумағында Тұрақты даму офисі мен «Terra Business Company» ЖШС бірлесіп, көшет отырғызу және жасыл желектерді күтіп-баптау бойынша экологиялық шеберлік сабағын өткізді.
Іс-шараға Астана қаласының белсенді жастары мен ЮНИСЕФ еріктілері қатысты. Қатысушылар ағаш отырғызу мен өсімдіктерді күтіп-баптаудың практикалық дағдыларын меңгеріп қана қоймай, кампусты көгалдандыру мен қаланың экожүйесін жақсартуға өз үлестерін қосты. Шеберлік сабағы аясында аумақты тазалау жұмыстары жүргізіліп, 70 терек пен 1200 ырғай бұтасы отырғызылды.
Мұндай бастамалар NU-дың жастар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және оларды тұрақты даму үдерістеріне тартуға ұмтылысын көрсетеді. Университет студенттер, қызметкерлер мен қонақтар үшін жасыл әрі жайлы кеңістік құруға бағытталған экологиялық жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді.
NU Тұрақты даму офисі экологиялық жауапкершілік құндылықтарын бөлісетін ұйымдармен әріптестікті нығайтып, Қазақстанның тұрақты болашағын қалыптастыру ісіне жастарды белсенді тартуды жалғастыруда.









