NU және Болат Өтемұратов Қоры аутизмі бар балаларды қолдауға арналған бірлескен жобаны бастайды
Nazarbayev University (NU) мен Болат Өтемұратов қоры (Қор) Қазақстанда инклюзивті технологияларды дамыту мен аутизм спектрінде бұзылыстары бар балаларға (АСБ) қолдау көрсету саласында жаңа парақты ашатын Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жаңа серіктестік аясында тараптар NU базасында әзірленіп жатқан «April: Роботтық аутизм терапиясына қолданылатын жасанды интеллект негізіндегі шешімдер» атты пәнаралық жобаны бірлесіп жүзеге асыруды бастайды.
Жобаның мақсаты — жасанды интеллект пен роботтехникасының озық шешімдерін аутизмі бар балаларды қолдауға арналған терапиялық тәжірибелерге біріктіру. Бұл — NU профессоры Анар Сандығұлованың басшылығымен әзірленген аутизмі бар балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы роботтық терапия жүйесі. APRIL жобасын тестілеу әлі де жалғасуда — қазір команда оны ірі орталықтарда қолдануды кеңейту және жүйені одан әрі оңтайландыру үшін мәліметтер жинау бойынша жұмыс істеуде.Ынтымақтастық туралы меморандумға NU вице-президенті доктор Асель Увалиева мен Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова қол қойды.
NU вице-президенті доктор Асель Увалиева былай деді: «Балалар мен ата-аналар үшін кампусқа экскурсия ұйымдастыру немесе біздің Атлетикалық орталықта спорттық іс-шаралар ұсыну қажеттілігі туындаса, біз қуана қолдау көрсетеміз. «Отбасылар үшін логистика тұрғысынан бұл оңай емес екенін түсінеміз. Сондықтан барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойнымызға алуға — университетті таныстырып, бір күнімізді бірге өткізіп, инфрақұрылымымыздың көмегімен жайлы әрі достық ахуал қалыптастыруға дайынбыз».
Меморандумға қол қою — инклюзивті білім беру мен цифрлық денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған ұзақ мерзімді, әлеуметтік маңызды ынтымақтастықтың бастауы болады деп күтілуде. Ынтымақтастық NU-дың ғылыми және технологиялық әлеуетін Қордың тәжірибесі мен инфрақұрылымымен біріктіруге, сондай-ақ Қазақстандағы аутизм спектрінде бұзылысы бар балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
«Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын Болат Өтемұратов қоры 2015 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Бағдарлама аясында Қазақстанның 12 қаласында 13 «Асыл мирас» аутизм орталығы тегін жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде орталықтарда 17 000-нан астам балаға көмек көрсетілді. Орталықтар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді және ғылыми дәлелденген әдістерге, соның ішінде қолданбалы мінез-құлық талдауы (ҚМТ) негізіндегі бағдарламаларды ұсынады. Барлық мамандар міндетті түрде оқытудан өтіп, сертификат алады.







