Times Higher Education рейтингі бойынша топ-200 қатарына кіретін NU-дың Жоғары білім беру мектебі білім беру көшбасшыларына арналған «Өңірлік көшбасшылық: инновациялар мен жасанды интеллект» бағдарламасын жүзеге асыруда.
Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе әзірленген бұл бағдарлама еліміздің барлық өңірінен келген облыстық, қалалық және аудандық білім басқармаларының басшыларын, сондай-ақ мектептер мен колледждер директорларын біріктіріп отыр. Қатысушылардың жалпы саны — 77.
Бүгін, 4 тамыз күні, бағдарламаның тамыз айындағы модульдері басталды. Үш күнге жалғасатын бұл кезең білім беру саласындағы өзекті сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерге арналған үш модульден тұрады:
4 тамыз — 6-модуль: Цифрлық трансформация жағдайындағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту. Қатысушылар жаңа мамандықтар, индустриялық кластерлермен әріптестік механизмдері және оқу бағдарламаларына жасанды интеллектті енгізу мәселелерін талқылайды. Сессияларды модерациялауға Оқу-ағарту министрлігі мен NU өкілдері қатысады.
5 тамыз — 7-модуль: Әр адамның жеке сұранысына қарап оқыту траекториялары және психологиялық саулық. Lesson Study мен action research тәсілдерінде жасанды интеллектті қолдану, мұғалімдерді мектептегі ортаны дамытуға белсенді қатысатын рефлексивті практик ретінде дамыту сөз болады.
6 тамыз — 8-модуль: Цифрландырудың жүйелі сын-қатерлері. Талқылауға ұсынылатын тақырыптар қатарында — ЖИ этикасы, киберқауіпсіздік, сондай-ақ деректер мен аналитиканы білім беру ұйымдарында қолдануға арналған саясат әзірлеу мәселелері бар.
Бағдарламаның авторлары — NU-дің академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провосты, NU GSE деканы Аида Сағынтаева, сондай-ақ Жоғары мектеп профессорлары Мир Афзал Таджик пен Сураб Мукхопадхьяй. Бағдарламаның мақсаты — технологиялық серпіліс пен жасанды интеллекттің кең таралу жағдайында білім беру саласын тиімді басқаруға қажетті стратегиялық ойлау, басқарушылық және цифрлық құзыреттерді дамыту.
Осы уақытқа дейін қатысушылар бес интенсивті модульден өтті, олардың бір бөлігі NU қабырғасында, ал қалғандары Павлодар мен Қызылордада орналасқан өңірлік алаңдарда ұйымдастырылды. Бірінші жартыжылдықтың шарықтау шегі — Шанхай сапары болды. Онда ЮНЕСКО Педагогикалық білім беру орталығымен әріптестікте Қытайдың цифрландыру, EdTech және жасанды интеллектті мектептерде қолдану тәжірибесі зерттелді.
Бағдарламаның ең ерекше тұсы — ұлттық педагогикалық хакатон жобасы. Онда 10 команда деректерге негізделген өңірлік жобаларын әзірлеуде. Қорытынды жобаны қорғау қыркүйек айында, бағдарламаның соңғы модульдері барысында өтеді. Ең үздік жобалар еліміздің өңірлерінде кеңінен енгізу үшін ұсынылатын болады.







