2 шілде Nazarbayev University-де ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 83 жасқа толуына арналған шығармашылық кеш өтті.
Шараны NU Poetry студенттік клубы ұйымдастырып отыр, оның қатысушылары ақынды Университетке қонаққа шақырып, арнайы шығаршылық кешін дайындады.
Шараға NU-дың студенттер істері және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Кадиша Дайырова, Ұлттық мәдениет орталығының жетекшісі Гүлтас Құрманбай, университет студенттері, сондай-ақ аңыз адаммен кездесуге келген қарапайым қала тұрғындары жиналды.
— Мұхтар аға, Сізді туған күніңізбен құттықтаймын. Университетімізге келіп, студенттерімізбен жүздесуге келісім бергеніңіз үшін рақмет. Олар — Сіздің шығармашылығыңыздан сусындап өскен жастар, — деді К. Дайырова.
Кеш барысында студенттер автордың өлеңдерін оқып, ал NU оркестрі оның танымал «Өмір – өзен» әнін орындады. Одан бөлек, NU Poetry клубының қатысушылары арнайы куиз әзірлеп, оның жеңімпаздары естелікке сыйлық алды. Кеш соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, қонақтар ақынға ризашылығын білдіріп, сүйікті өлеңдерін оқуға мүмкіндік алды.
Одан кейін Мұхтар Шаханов жастарға бата беріп, оларды өз істеріне адал болуға шақырды. Сонымен қатар студенттік клуб ақынға Алғыс хат табыстап, гүл шоқтарын сыйлады. Дәл осы кезде автордың қолтаңбасы қойылған кітаптары сатылымға шығарылды.







