Сіз біліміңіз бен кәсіби тәжірибеңіз туралы айтып бере аласыз ба?
Менің ғылым саласындағы мансабым Глазго университетіне түсуден басталды. Онда мен иммунология бойынша ғылым бакалавры дәрежесін алдым. Оқуды бітіргеннен кейін, мен Данди университетінің Медицина мектебінің аспирантурасына түстім. Мен Ninewells ауруханасының Дерматология департаментінің фотобиология бөлімінде зерттеу жүргіздім, онда иммундық жүйені ультракүлгін сәулемен басу механизмдерін зерттедім. Дәл осы жұмыс барысында мен пациенттерге тері аурулары қандай қайғы-қасірет әкелуі мүмкін екенін түсіндіп, бұл мені емдеудің жаңа әдістерін іздеуге итермеледі.
Мен Эдинбург университетінде ультрафиолеттің иммуномодуляциялық әсерін зерттеуді постдокторант ретінде жалғастырдым. Кейін Нигерияда ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім, онда мен табиғи емдеу әдістеріне, атап айтқанда тері ауруларын емдеуге арналған дәрілік өсімдіктерге қызығушылық таныттым. Шотландия балының микробқа қарсы әрекеттерін зерттеген Королева Маргарет университетінің зерттеушілерімен бірлесе отырып, балдың микробқа қарсы және иммуномодуляциялық қасиеттері, сондай-ақ балдың жаралар мен тері ауруларына клиникалық тиімділігі туралы бірнеше шолу мақалаларын жарияладым.
Сіз қазір қандай зерттеу жобаларымен айналасып жатырсыз?
Назарбаев Университетіндегі менің зерттеулерім негізінен қазақстандық бал сорттарының микробқа қарсы және иммуномодуляциялық қасиеттерін зерттеуге, сондай-ақ олардың фитохимиялық құрамын зерттеуге бағытталған. Медициналық бал Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің жараларды емдеу туралы хаттамаларына енгізілген. Кокран жүйелі шолуы жаралардың кейбір түрлерін емдеуде балдың тиімділігі туралы дәлелдер бар деген қорытындыға келді.
Бал Қазақстанда мол өндіріледі, алайда балдың аймақтық сорты биологиялық белсенділікке немесе биоактивті қосылыстардың болуына толық зерттелмеген. Менің бал туралы зерттеулерім Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық диагностикалық орталықпен және Шотландиядағы Джеймс Хаттон ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жүргізілді. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрлігі бөлді.
Сонымен қатар, мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарының әртүрлі топтары арасында денедегі тері қатерлі ісігінің таралуын және оқшаулануын анықтайтын зерттеулерге қатыстым. Бұл зерттеу Астана медицина университетінің, Глазго университетінің және Эдинбург университетінің зерттеушілерімен бірлесіп жүргізілді.
Сіздің зерттеулеріңіздің негізгі нәтижелері қандай?
Жақында BMC Complementary Medicine and Therapies журналында тестіленген қазақстандық балдың жаралар мен теріні жұқтыратын микроорганизмдерге қарсы белсенділігі бар екендігі туралы ғылыми мақала жарияладық.
Бір қызығы, бал метициллинге төзімді Staphylococcus aureus (MRSA) клиникалық изолятына қарсы тиімді болды. Сонымен қатар, бал құрамында фитохимиялық заттардың әр түрлі спектрі бар. Олардың көпшілігінің микробқа және қабынуға қарсы, фотопротекторлық және ісікке қарсы қасиеттерін қоса, биологиялық белсенділікке ие екендігі туралы ғылыми әдебиеттерде айтылған.
Қазақстандық бал сорттары кератиноциттерге (тері жасушаларына) қорғаныс әсерін тигізетінін байқадық. Біздің зерттеулеріміз балдың пайдалы қасиеттерін, сондай-ақ олардың ықтимал клиникалық қолданылуын бағалау үшін маңызды. Тері қатерлі ісігін зерттеуге келетін болсақ, біз Нұр-Сұлтан қаласында тері қатерлі ісігімен сырқаттану жыл сайын өсіп келе жатқанын және орыс халқының арасында қазақ халқына қарағанда ауру жағдайлары көбірек екенін анықтадық.
Неліктен NU-ға қосылуға шешім қабылдадыңыз?
Назарбаев Университеті Орталық Азияда оқыту мен медициналық зерттеулерге өз үлесін қосуға бірегей мүмкіндік береді. Питтсбург университетінің қолдауымен жаңа медициналық мектепті дамытуға қатысу перспективасы ерекше тартымды болды. Жеке өзім басқа елдерде жұмыс істеуді қызықты деп санаймын. Қазақстанда болған уақыт ішінде мен көптеген қызықты және әдемі жерлерду таптым. Назарбаев Университетінің студенттерімен және ғылыми қызметкерлерімен жұмыс істеу маған өте ұнайды.
Жақын арада не істеуді жоспарлап отырсыз?
Мен балды зерттеуді жалғастырып, in vivo тері мен жараларды емдеу қасиеттерін, сондай-ақ анықталған фитохимиялық заттардың биологиялық қасиеттерін зерттегім келеді. Қарастыруды қажет ететін саланың бірі — биоинженерлік тәсілдер арқылы әртүрлі бал сорттарының биологиялық қасиеттерін жақсарту.
Балдың қатерлі ісікке қарсы белсенділігі, әсіресе тері қатерлі ісігіне де қызығушылық тудырады, өйткені балда анықталған кейбір фитохимиялық заттар тері қатерлі ісігі жасушаларына қарсы қатерлі ісікке қарсы әсерге ие. Сонымен қатар, мен ультракүлгін сәулелену саласындағы зерттеулерді жалғастырғым келеді. Мысалы, Орталық Азия өңіріндегі УК-сәулелердің әсерінен денсаулыққа қауіп төндіретінін бағалағым келеді.








