2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Осы маңызды оқиғаға орай Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық ортаның, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының 150-ден астам өкілі қатысты. Назарбаев Университетінің атынан университет президенті, профессор Вакар Ахмад баяндама жасады.
Профессор Вакар Ахмад өз сөзінде жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындап, білім беру, ғылым, инновация және зияткерлік әлеуетті нығайтуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгілейтінін айтты.
«Конституция – халықтың құндылықтарын, мұратын және келешекке деген көзқарасын айқындайтын басты құжат. Жаңа Конституция білім мен ғылымды, инновацияны және зияткерлік әлеуетті Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық әрі технологиялық өркендеуінің негізгі тіректерінің бірі ретінде айқындайды».
Университет президенті зерттеу университеттері елге қажетті білікті мамандарды тәрбиелеумен қатар, жаңа ғылыми жаңалықтардың дүниеге келуіне және оларды өндіріске енгізуге жол ашатын маңызды орталықтар екенін атап өтті. Ол Назарбаев Университетінде өңір тілдеріне арналған алғашқы ірі тілдік модель – KazLLM әзірленгенін, донорлық ағзаларды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін технологиялар жасалып жатқанын және энергия сақтау жүйелеріне арналған жаңа материалдар бойынша зерттеулер жүргізіліп жатқанын мысалға келтірді.
«Жасанды интеллект, биотехнология, энергетика немесе жаңа материалдар саласындағы кез келген ірі жаңалықтың бастауы – ғылыми ізденіс. Бүгінде Назарбаев Университетінің ғалымдары халықаралық деңгейдегі зерттеулері арқылы еліміз үшін маңызды міндеттердің шешімін табуға атсалысып келеді».
Профессордың айтуынша, зерттеу университеттерінің міндеті тек ғылыми жаңалық ашумен шектелмейді. Ең маңыздысы – сол жетістіктерді денсаулық сақтау, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару салаларының игілігіне жарату.
«Қазақстанның ертеңі табиғи байлықпен ғана өлшенбейді. Елдің келешегі білімді де білікті азаматтарға, ғылымда туған жаңалықтарға және сол жетістіктерді халық игілігіне жарата білуімізге байланысты. Назарбаев Университеті осы ортақ мақсатқа қызмет етуді үлкен жауапкершілік әрі мәртебе санайды».
Конференция барысында құқық үстемдігін нығайту, заңнаманы жетілдіру, цифрлық құқықтарды қорғау және құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Инклюзивті қоғамға арналған Конституция» бастамасы аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының Брайль қарпімен жарық көрген басылымының тұсаукесері өтті.
Жаңа Конституция Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Бұл кезеңде білім, ғылым және инновация елдің тұрақты өсімі мен өркендеуінің басты қозғаушы күшіне айналады. Назарбаев Университеті бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық ортаны дамыту арқылы осы мақсаттарға қызмет ете береді.

















