Қазақстанда балаларды, отбасыларды және қарт адамдарды қолдауға арналған бес халықаралық бағдарлама іске қосылады

Nazarbayev University (NU) мен Bach Institute for Human Development (BIHD) балаларға күтім жасау, ата-аналарға қолдау көрсету, психологиялық саулықты нығайту, қарт адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға көмек көрсету бағыттары бойынша бес халықаралық сертификаттау бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.

Ынтымақтастық туралы келісімге BIHD негізін қалаушылардың бірі әрі директоры доктор Элайджа Бахтың 9–10 қараша күндері NU-ға жасаған сапары барысында қол қойылды. Әріптестік аясында NU Жоғары білім беру мектебінің (NUGSE) базасында BIHD-ның өңірлік орталығын ашу, білім беру бағдарламаларын іске қосу және бірлескен зерттеулер жүргізу көзделген.

Алғашқы екі жыл ішінде тараптар алты аптаға созылатын бес онлайн бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр:

  • Certified Professional Nanny – ерте жастағы балаларға кәсіби күтім жасау;
  • Certified Parent Coach – ата-аналарға кеңес беру және қолдау көрсету;
  • Certified Mental Wellness Coach – балалар мен ересектердің психологиялық саулығын нығайту;
  • Certified Senior Care Professional – қарт адамдарға күтім жасау;
  • Certified Paraprofessional for People with Special Needs – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету.

Бағдарламалар Қазақстан жағдайына бейімделіп, оқу материалдары қазақ және орыс тілдеріне аударылады. Оқуға осы салаларда жұмыс істейтін мамандармен қатар, ата-аналар мен жақындарына күтім жасайтын адамдарды қоса алғанда, барша ниет білдірушілер қатыса алады.

Оқыту барысында тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріледі. Қатысушылар жасанды интеллект негізіндегі симуляторлардың көмегімен түрлі жағдайларда әрекет ету дағдыларын шыңдап, өз жұмыстарына қатысты кері байланыс алады. Оқуды сәтті аяқтағандарға BIHD кәсіби сертификат береді. Бұл бағдарламалар қосымша білім беру аясында жүзеге асырылады және академиялық дәреже беруді көздемейді.

Жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан бүгінгі кезеңде технология толық алмастыра алмайтын адами қасиеттердің маңызы арта түсуде. Олардың қатарында жанашырлық, адамдармен тіл табыса білу және әр адамның жеке қажеттіліктерін ескеру бар. Бұл қасиеттер балалармен, отбасылармен, қарт адамдармен және ерекше қажеттіліктері бар жандармен жұмыс істеудің негізін құрайды. Жаңа бағдарламалар осындай қолдаудың сапасын арттырып, қажетті білім мен дағдыларды көпшілікке қолжетімді етуді мақсат етеді.

NU Жоғары білім беру мектебі бағдарламаларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге, олардың академиялық мазмұнын әзірлеуге және тиімділігін бағалауға қатысады. Атап айтқанда, Certified Parent Coach пилоттық бағдарламасы аясында мұғалімдерге балалардың дамуы, отбасының әл-ауқаты және мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара байланыс мәселелері бойынша білім беру жоспарланған. NUGSE зерттеушілері оқытудың нақты нәтижелерін, соның ішінде ата-аналардың балаларымен және мектеппен қарым-қатынасындағы өзгерістерді бағалайды.

Қазіргі уақытта BIHD БҰҰ құрылымдарын, Азия даму банкін және 15 университетті қоса алғанда, 18 елдегі 39 ұйыммен ынтымақтасады. Астанада өңірлік орталықтың ашылуы институттың халықаралық тәжірибесі мен NU-дың академиялық әлеуетін ұштастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта білім беру бастамаларын Орталық Азияның басқа елдеріне де тарату көзделіп отыр.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53