NU NUFYP бағдарламасы тыңдаушыларына білім беру гранттарын бөлу тәртібін түсіндіреді

Ата-аналар мен талапкерлерден келіп түскен сауалдарға байланысты Nazarbayev University (NU) университеті Foundation Year Program (NUFYP) бағдарламасы тыңдаушыларына білім беру гранттарын бөлу тәртібіне қатысты түсініктеме береді.

NUFYP – академиялық дайындықтың бір жылдық бағдарламасы. Ол академиялық білім деңгейі мен ағылшын тілін меңгеру дағдыларын жетілдіру үшін қосымша бір жыл оқуды қажет ететін мектеп түлектеріне арналған.

NUFYP бағдарламасын аяқтау NU-дың бакалавриат бағдарламаларына автоматты түрде оқуға қабылдануға кепілдік бермейді. Бұл – жаңа талап емес: университеттің ұсыныс хатында да, бағдарлама тыңдаушыларымен жасалатын келісімшартта да бакалавриатқа автоматты түрде қабылдау туралы міндеттеме қарастырылмаған.

NUFYP түлектері оқуын NU-да жалғастыра алады немесе басқа жоғары оқу орындарына түсуге өтініш бере алады. Бағдарламаны аяқтағаннан кейін оларға сертификат беріледі. Бұл құжатты жоғары оқу орнына дейінгі 12 жылдық білімді талап ететін шетелдік университеттерге түсу кезінде ұсынуға болады. Алайда сертификатты тану туралы шешімді әр университет өзінің қабылдау талаптарына сәйкес дербес қабылдайды.

Білім беру гранттарын бөлу тәртібі

Гранттарды бөлу тәртібін қайта қарауға бакалавриат бағдарламаларына тікелей түсуге деген қызығушылықтың айтарлықтай артуы себеп болды. Соңғы үш жылда бакалавриатқа тікелей түсетін талапкерлерден түскен өтініштер саны 40%-ға өсті. Ал мемлекеттік білім беру гранттарының саны өзгеріссіз қалды.

Осы жағдайды ескере отырып, Университет гранттарды бөлу тетігін қайта қарап, барлық талапкерлерге, соның ішінде бакалавриатқа тікелей түсуді таңдағандарға да неғұрлым теңгерімді әрі әділ жағдай жасауға бағытталған өзгерістер енгізді.

Бұған дейін қолданыста болған қабылдау қағидалары белгіленген академиялық талаптарды орындаған жағдайда, рейтингтік іріктеуден өтпей-ақ грант негізінде оқуға қабылдау туралы ұсыныс алуға мүмкіндік беретін.

Бұл ретте білім беру гранты мен мемлекеттік білім беру гранты ұғымдарын ажырата білу маңызды. Университеттің қабылдау қағидаларында «грант» термині оқу ақысын төлеуге арналған және әртүрлі қаржыландыру көздерінен бөлінетін нысаналы қаражатты білдіреді. Сондықтан гранттардың барлығы бірдей мемлекеттік білім беру грантына жатпайды.

Қазақстан Республикасының «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес, білім беру қызметін ұйымдастыру, білім сапасын басқару, білім беру мониторингін жүргізу және оқуға қабылдау тәртібін Университет пен оның ұйымдары өз жарғыларына сәйкес дербес айқындайды. Сонымен қатар, осы Заңның 12-1-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес, Университет білім беру гранттарын дербес тағайындайды және олардың қаражатын басқаруды, оның ішінде білім алушылар арасында бөлуді және қайта бөлуді өзінің жарғысы мен ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.

2026 жылғы 11 наурызда Университет NUFYP және бакалавриат бағдарламаларына қабылдау қағидалары мен рәсімдерінің жаңа редакциясын бекітті. Негізгі өзгерістердің бірі – гранттарды тиісті білім беру бағдарламаларына бөлінген орындар шегінде рейтингтік іріктеу арқылы бөлу тәртібінің енгізілуі. Бұл ретте NUFYP тыңдаушыларына қойылатын ең төменгі академиялық талаптар өзгеріссіз қалды.

Сондай-ақ, Foundation бағдарламасына қабылдау басталған 2025 жылғы қазанда Университетте NUFYP бағдарламасына түсетін талапкерлер саны туралы нақты ақпарат болмағанын атап өткен жөн. Бұл деректер тек 2026 жылғы наурызда белгілі болды. Қабылдау статистикасына сәйкес, 2026 жылы бағдарламаға берілген өтініштер саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артқан. 2025 жылы 6 911 өтініш қабылданып, 671 талапкер оқуға қабылданды. Ал 2026 жылы өтініштер саны 7 865-ке жетіп, 776 адам оқуға қабылданды. Осылайша, қабылданған тыңдаушылар саны да 16%-ға өсті.

NUFYP және бакалавриат бағдарламаларына сұраныс жыл сайын артып келеді. NUFYP түлектері арасында мемлекеттік грантқа конкурс бір орынға екі талапкерден келсе, бакалавриатқа тікелей түсетін талапкерлер арасында бұл көрсеткіш бір орынға он адамды құрайды.

Қаржылық қолдау көлемінің шектеулі екенін ескере отырып, талапкерлерге бакалавриатқа түсудің балама нұсқалары, атап айтқанда, ақылы негізде оқу мүмкіндігі де ұсынылды.

Университет ата-аналардың өтініштерінде айтылған 400 орынға қатысты жалпы шектеу енгізілмегенін де атап өтеді. Мемлекеттік білім беру гранттарының түпкілікті саны қабылдау науқаны басталғаннан кейін мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде көзделген қаржыландыру көлемін ескере отырып айқындалады.

Білім беру бағдарламасына қабылдау және мемлекеттік білім беру грантын тағайындау – өзіндік іріктеу критерийлері бар екі бөлек рәсім.

Қабылдаудың ең төменгі талаптарын орындау талапкерге конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, алайда мемлекеттік білім беру грантын алуға кепілдік бермейді. Гранттар талапкерлердің академиялық нәтижелерін, белгіленген іріктеу критерийлерін және қолжетімді мемлекеттік қаржыландыру көлемін ескере отырып, конкурстық негізде бөлінеді.

Оқу жылы енді ғана басталғандықтан, студенттердің академиялық үлгерімінің нәтижелері оқу жылының соңына қарай белгілі болады. Салыстыру үшін айта кетсек, жыл сайын студенттердің 20%-ына дейіні академиялық үлгеріміне байланысты оқудан шығарылады немесе оқуын жалғастыру үшін басқа университеттерді таңдайды. Қазіргі кезеңде NUFYP тыңдаушылары үшін ең маңыздысы – жақсы академиялық үлгерім көрсету.

NU ата-аналар мен талапкерлердің мемлекеттік білім беру гранттарына қолжетімділік мәселесіне қатысты алаңдаушылығын түсінеді және қабылдау ережелері туралы барынша толық әрі ашық ақпарат беруге ұмтылады.

Осыған байланысты Университет Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бакалавриат бағдарламаларына қабылдаудың қолданыстағы тәртібі мен білім беру гранттарын бөлу тетігін түсіндіретін ресми хат жолдады.

Бұған дейін Университет студенттермен кездесулер өткізген болатын. Сонымен қатар, NUFYP тыңдаушыларының ата-аналары мен бакалавриатқа тікелей түсетін талапкерлердің ата-аналары үшін жеке ақпараттық кездесу өткізу жоспарланып отыр. Кездесу барысында Университет өкілдері қабылдау қағидаларындағы өзгерістерді, гранттарды конкурстық негізде бөлу тәртібін және қолжетімді қаржылық қолдау мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.

Сондай-ақ, Университет бакалавриат бағдарламаларына түсуге қажетті академиялық талаптарға сай келетін студенттерге қаржылық қолдау көрсетудің ықтимал тетіктерін қарастырады. Бұл ретте Университеттің басымдықтары, қолда бар ресурстар және шешім қабылдаудың белгіленген тәртібі ескеріледі.

Университет ата-аналармен және талапкерлермен сындарлы диалог орнатуға әрдайым ашық. NU әрбір талапкердің болашақ біліміне қатысты саналы шешім қабылдауы үшін толық әрі сенімді ақпаратқа қол жеткізуін маңызды деп санайды.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53