Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінің постдокторанты Әсел Шәрімова жас ғалымдарға арналған беделді халықаралық Майкл Фуллан атындағы Кәсіби капитал және қауымдастық (Michael Fullan Emerging Scholar in Professional Capital and Community Award) сыйлығының лауреаты атанды. Ол — осындай марапатқа ие болған бірінші қазақстандық ғана емес, бүкіл посткеңестік өңірден алғашқы ғалым. 2026 жылы бұл сыйлық әлем бойынша тек екі зерттеушіге берілді.
Әсел Шәрімова соңғы бес жыл бойы Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебінде постдокторант ретінде жұмыс істеп келеді. Ол Cambridge University-де білім беру саласы бойынша PhD дәрежесін қорғаған. Бұған дейін ол Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде жұмыс істеп, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысқан.
«Менің зерттеуім мұғалімдердің виртуалды кәсіби қауымдастықтар аясында кәсіби капиталды қалай қалыптастырып, қалай жұмылдыратынын зерттеуге арналды, әсіресе Қазақстан контекстіне басымдық берілді. Педагогтердің біліктілігін арттыру тәжірибесіне сүйене отырып, мен бірлескен оқытудың формалды дайындық бағдарламаларынан тыс қалай дамитынына қызығушылық таныттым. Сондай-ақ мен әлеуметтік желілердің бейресми оқытуға қалай ықпал ететінін зерттедім, әсіресе кәсіби қолдау қолжетімділігі әркелкі реформалар жағдайында. Бұдан бөлек, мен осы идеяларды оқыту қызметіме енгізіп, педагогтермен және зерттеушілермен жұмыс істей отырып, бірлескен кәсіби қауымдастықтардың дамуын қолдаймын», — деді Әсел Шәрімова.
Майкл Фуллан атындағы жас ғалымдарға арналған сыйлық — білім беру саласындағы халықаралық марапат. Оны Journal of Professional Capital and Community журналы кәсіби капитал және білім беру қауымдастықтары саласындағы зерттеулер үшін табыстайды. Іріктеу барысында ғылыми үлес, практикалық маңыз және білім беру жүйелерінің дамуына ықпал ету әлеуеті ескеріледі. Лауреаттар ақшалай сыйлық пен халықаралық академиялық мойындауға ие болады.
«Бұл көрнекті зерттеушілер әртүрлі контекстерде кәсіби капитал саласындағы озық ғылыми әзірлемелерді ұсынады. Олардың жұмыстары жиынтық түрде кәсіби капитал тұжырымдамасын теориялық әрі қолданбалы тұрғыда кеңейтеді. Кәсіби капитал және кәсіби қауымдастықтар саласындағы зерттеулердің болашағы сенімді қолда», — деп атап өтті Journal of Professional Capital and Community журналы.








