Nazarbayev University Times Higher Education (THE) World University Rankings рейтингінде өз позициясын нығайтуды жалғастырып, соңғы екі жылда 200 орынға көтерілді. 2025 жылы университет 501–600 аралығында орналасса, келесі рейтингте 401–500 аралығына көтерілді. Ал биылғы рейтингте 376–400 аралығына енді.
NU ТМД елдерінің университеттері арасында 1-орынға көтерілді. Бұл өткен жылғы 4-орынмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Сонымен қатар университет Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең жоғары рейтингке ие университет ретіндегі позициясын сақтап қалды.
THE World University Rankings рейтингі әлемдегі жетекші университеттік рейтингтердің бірі ретінде кеңінен танылған. Биылғы рейтингке 118 ел мен аумақтан рекордтық 2 297 университет енді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 106 университетке көп. Сондай-ақ биыл THE рейтингінде Қазақстанның рекордтық 10 университетінің ұсынылуы еліміздің жоғары білім беру жүйесіндегі ауқымды өсімді көрсетеді. Халықаралық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында NU әлемдегі университеттердің үздік 23%-ы қатарынан үздік 17,4%-ы қатарына көтерілді.

Times Higher Education университеттерді бес бағыт бойынша бағалайды: оқыту, зерттеу ортасы, зерттеу сапасы, халықаралық бағдар және индустриямен өзара іс-қимыл. Соңғы рейтингте NU барлық дерлік бағыт бойынша өз көрсеткіштерін жақсартты.
Ең жоғары көрсеткішті NU әлі де зерттеу сапасы (84,1 балл) бағыты бойынша көрсетіп отыр. Бұл NU оқытушылары мен зерттеушілері жүргізетін зерттеулердің ықпалы мен әсерінің артып келе жатқанын көрсетеді. Осы көрсеткіш бойынша NU Женева университеті (№163), Аризона университеті (№139) және Рочестер университеті (№136) сияқты әлемге танымал жоғары оқу орындарымен салыстырмалы деңгейде нәтиже көрсетеді.
«Ең алдымен, осы жетістігімен бүкіл NU қауымдастығын және Қазақстанды құттықтағым келеді. Қазақстандық университет алғаш рет әлемдегі жетекші университеттік рейтингтердің бірінде осындай деңгейге көтерілді. Бұл тек біздің университетіміз үшін ғана емес, еліміздің жоғары білім беру жүйесі үшін де маңызды жетістік. Бұл нәтиже NU оқытушыларының, зерттеушілерінің, студенттері мен қызметкерлерінің көп жылғы еңбегінің жемісі. Университетіміздің, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді NU Президенті, профессор Вакар Ахмад.
NU-ға талапкерлердің қызығушылығы артып келеді. Биыл университетке оқуға түсуге шамамен 12 000 талапкер өтініш берді, ал қабылданған шетелдік студенттер саны университет тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетті. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі де жоғары – 95%-дан астам.
Бұл нәтижелер NU-дың академиялық беделінің нығайып, Қазақстанда және халықаралық деңгейде университетке деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Университеттің жаһандық рейтингтердегі тұрақты ілгерілеуі оның орнықты дамуын және халықаралық академиялық қауымдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.








