Nazarbayev University-де өткен Ашық есік күнінде Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебінің (School of Computing and Artificial Intelligence, SCAI) ресми ашылуы өтті. SCAI – Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы мамандарға және ғылыми зерттеулерге сұраныстың артуына байланысты құрылған Nazarbayev University-дің жаңа бастамасы. Мектеп NU-дың компьютерлік ғылымдар, жасанды интеллект, математика және робототехника бағыттарындағы білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіреді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. «Қазақстан үшін жасанды интеллектіні жаңа фактор, күш деп айтуға болады. Ол ұлттық экономикамыздың, өндірісіміздің, еңбек өнімділігінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұгінгі мектептің ашылуы біздің ұлттық жауабымыз деп айтуға болады», – деді министр.
Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы генеративті модельдермен ғана шектелмейді. Келесі кезеңде күрделі міндеттерді өздігінен орындай алатын Agent AI және жасанды интеллектіні физикалық әлемде қолдануға мүмкіндік беретін Physical AI технологиялары кеңінен дамиды.
«Сондықтан осы өзгерістерге дайын болуымыз керек. Ал оларға дайындық тұрғысынан NU өте қолайлы алаң деп айтуға болады», – деді министр Саясат Нұрбек.
SCAI таныстырылымында зерттеулер және инновациялар жөніндегі вице-декан, профессор Дөрбетхан Сұраған мектептің негізгі міндеттері мен мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, қазір мұнда 2 100-ден астам студент білім алады. Олардың 281-і магистратурада, 99-ы PhD бағдарламаларында оқиды. 2026 жылы мектепке тағы 608 студент қабылданды. Оқу үдерісіне 70-ке жуық профессор қатысады.
Мектептегі білім беру бағдарламаларының қатары алдағы уақытта кеңейе түседі. Жаңа бастамалардың қатарында Гонконг политехникалық университетімен (The Hong Kong Polytechnic University, PolyU) бірлесіп әзірленетін жасанды интеллект бойынша бакалавриат бағдарламасы, пәнаралық зерттеулерге бағытталған «AI for X» PhD бағдарламасы және киберқауіпсіздік бойынша магистратура бағдарламасы бар.
«Бүгінде бұл сала жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігін нығайту үшін генеративті жасанды интеллектіні терең түсінетін және оның мүмкіндіктерін практикада қолдана алатын киберқауіпсіздік мамандары қажет», – деп түсіндірді SCAI деканы Атакан Варол.
Мектептің маңызды зерттеу бағыттарының қатарында физикалық жасанды интеллект (Physical AI), қалалық деректерді талдау, есептеу қаржысы және жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолдану бар. Зерттеулер жүргізу үшін SCAI NU-дың заманауи есептеу инфрақұрылымын, соның ішінде Shabyt, Muon және Irgetas суперкомпьютерлерін пайдаланады. Олардың ішіндегі ең қуаттысы – NVIDIA H100 графикалық процессорларымен жабдықталған есептеу тораптарын қамтитын Irgetas жүйесі.
SCAI NU жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен (ISSAI) де тығыз ынтымақтастық орнатқан. Серіктестік аясында зерттеу жобалары үшін есептеу ресурстары, іргелі модельдер мен деректерді бірлесіп пайдалану бағыттары дамып келеді.
«Мектепті құру кезінде біз ұзақ мерзімді нәтижелерге басымдық бердік. Оның құрылымына математиканы да енгіздік. Бұл – әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін тәсілдердің бірі. Біз үшін барлық студенттердің мықты іргелі білім алғаны маңызды. Бүгінде жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың зерттеу топтарына қарасақ, олардың көптеген мүшесі кезінде Халықаралық математикалық олимпиадалардың жүлдегері болғанын көреміз», – SCAI деканы, профессор Атакан Варол іс-шара барысында атап өтті.
SCAI ғылыми зерттеулерді практикалық шешімдерге айналдыру үдерісін жеделдетуді де көздейді. Мектеп индустриямен байланысты нығайтып, студенттердің технологиялық жобаларын қолдауды және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жағдай жасауды жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай SCAI 30-дан астам deep-tech стартапын құруға ықпал етуді мақсат етеді.
Сонымен қатар мектеп халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтіп келеді. SCAI-дың компьютерлік ғылымдар және математика бойынша екі білім беру бағдарламасы инженерия, технология және сабақтас салалардағы білім беру бағдарламаларының сапа стандарттарын белгілейтін халықаралық ABET ұйымының аккредитациясынан өтті. 2030 жылға қарай SCAI компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша Times Higher Education пәндік рейтингінің үздік 250 оқу орнының қатарына кіруді мақсат етіп отыр.
Сурет: NU Image















