Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебі (NU GSE) Финляндияның қолданбалы ғылымдар университетімен (Häme University of Applied Sciences) және JAMK қолданбалы ғылымдар университетімен (University of Applied Sciences) бірлесіп «Мұғалімдердің білім беру моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту» атты жобасын бастады.
Дүниежүзілік банк пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаның мақсаты – мұғалімдерді оқытудың жетілдірілген үлгісін енгізу және 30 білім беру бағдарламасын бейімдеу.
Жобаның аясында 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 43 жоғары оқу орнынан 1800 мұғалім оқытылады. Олар жаңа білімдері мен тәжірибелерін әріптестері арасында одан әрі таратады деп күтілуде. Сонымен қатар, сарапшылар ЖОО-ның 200 оқытушысы мен 50 ауыл мектебінің директорлары үшін білім берудегі көшбасшылық саласындағы біліктілікті арттыру және CLIL технологиясы – пәндік-тілді кіріктірілген оқыту бағдарламасы бойынша ЖОО-ның 100 оқытушысы үшін тренингтер өткізеді.
Тренингтерді финдік сарапшылар мен Назарбаев Университетінің сарапшылары, соның ішінде NU GSE Қауымдастырылған профессорлары Дүйшөнкүл Шаматов пен Сұлушаш Керімқұлова, NU академиялық сапа жөніндегі директоры Әлия Сүлейменова, NU институттық тиімділік жөніндегі қауымдастырылған директоры Айжан Мусина, жүргізеді. Жобаға жергілікті сарапшылар мен қазақстандық жоғары оқу орындарынан 50 педагогикалық әзірлеуші де тартылды.
Оқыту жоспарына сәйкес, бағдарлау апталығынан кейін 8 қаңтардан бастап онлайн тренингтер өткізілді. Олардың барысында қатысушылар қазіргі заманғы мұғалімнің білім беру тенденциялары, студентке бағдарланған оқыту, оқытудың белсенді әдістері, мұғалімдердің ІТ құзыреттілігі және цифрлық педагогика, сондай-ақ бағалау жүйесі сияқты тақырыптарда дәрістер тыңдады.
15-19 қаңтар аралығында Назарбаев Университетінде, Абай атындағы ҚазҰПУ-де және О.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде параллель офлайн сессиялар өтеді.
22-26 қаңтар аралығында сессиялар Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жоспарланған. 950-ден астам адам қатысады деп күтілуде.
Фин университеттері мен Назарбаев университетінің сарапшыларының жетекшілігімен сессияға қатысушылар жаңа педагогикалық дағдыларды, оның ішінде білім беру бағдарламаларын әзірлеуді меңгереді деп күтілуде.







