26 қыркүйекте NU-да университет тарихындағы ең ауқымды Ашық есік күні — NU Fest: Generation AI өтті. Іс-шараға 20 мыңға жуық қонақ қатысты. Болашақ талапкерлер мен олардың ата-аналары бір күн ішінде университеттің білім беру бағдарламаларымен танысып, NU-ды ішінен көріп, оқу кезінде және университетті бітіргеннен кейін студенттерге қандай мүмкіндіктер ұсынылатынын біле алды.
NU Fest фестивалінің ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NU провосты, профессор Рехан Садик қатысушыларды құттықтады.
Биыл фестиваль Generation AI тақырыбында өтті. Жасанды интеллект бағдарламаның негізгі тақырыптарының біріне айналып, жаңа технологиялардың білім беру мен болашақ мамандықтарды — инженерия мен медицинадан бастап бизнеске және басқа да салаларға дейін — қалай өзгертіп жатқанын көрсетті.
NU-дың сегіз мектебі өз білім беру бағдарламаларын таныстырды. Қонақтар ашық дәрістер мен сынақ сабақтарына қатысып, зерттеу зертханаларын аралады, ғалымдар мен студенттердің әзірлемелерімен және оқу мен зерттеу барысында қолданылатын технологиялармен танысты.
Күні бойы талапкерлер мен олардың ата-аналары жасанды интеллект және робототехника саласындағы әзірлемелерді, VR технологиялары мен 3D басып шығаруды, медициналық және ұшу симуляторларын, дрондарды тамашалады. Innovation Labs алаңында NU-дың технологиялық әзірлемелері ұсынылды. Мұндай формат болашақ студенттерге өздерін қызықтырған мамандықтар туралы ақпарат алып қана қоймай, университеттегі оқу мен зерттеу үдерісінің іс жүзінде қалай ұйымдастырылғанын көруге мүмкіндік берді.
Бағдарламаның жеке бөлігі аудиториядан тыс мүмкіндіктерге арналды. Талапкерлер оқуға түсу және білім алуды қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес алып, халықаралық бағдарламалар мен мансаптық мүмкіндіктер туралы білді, оқытушылармен, студенттермен және түлектермен тікелей тілдесті. Студенттік клубтар NU-дағы сабақтан тыс өмірді таныстырса, ата-аналар үшін арнайы ақпараттық сессия ұйымдастырылды.
Осылайша, қонақтар бір күн ішінде болашақ студенттің өзіндік жолынан өтті: білім беру бағдарламасын таңдау мен оқуға түсуден бастап, оқу, зерттеу, халықаралық тәжірибе, студенттік өмір және болашақ мансап мүмкіндіктеріне дейін танысты.
NU Fest: Generation AI фестиваліне қатысушылардың жоғары белсенділігі болашақ талапкерлердің NU-ға деген қызығушылығын көрсетеді. Университет технологиялық өзгерістер мен болашақ мамандықтарға қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын дамытуды жалғастыруда.

















