NU-да «Хан Қорық» жастар экологиялық фестивалі басталды

11 тамызда Назарбаев Университетінде «Хан Қорық» жастар экологиялық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Фестиваль Қазақстан табиғатын сақтау мен орнықты дамуға жастардың қосатын үлесіне арналды.

Іс-шараға еліміздің СҚУ, ҚарУ, ЕҰУ, AITU, Уәлиханов университеті және NU секілді жоғары оқу орындарынан 50 жас көшбасшы жиналды. Олар республиканың экологиялық болашағын өзгертуге дайын.

Фестивальдің алғашқы әрі басты күні БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН), Qazaq Geography, Chapter Zero және ҚБСА сарапшыларының қатысуымен өтті. Олар жастардың экологиялық көшбасшылығының орнықты дамуы, тұрмыстық қатты қалдықтарды экологиялық негізде басқару, университет кампустарының экологиялық бастамалар алаңы ретіндегі рөлі және климаттық басқару сияқты маңызды тақырыптарды қамтыды.

Күннің соңында қатысушылар NU-дың жаңартылатын энергия полигонына экскурсия жасап, ғылымның нақты әрі тұрақты шешімдерге қалай айналатынын көзбен көрді.

Астанадағы мазмұнды бағдарламадан кейін қатысушылар 12-14 тамыз аралығында өтетін Баянауылдағы үш күндік практикалық интенсивке қатысады. Мұнда БҰҰДБ сарапшылары жүргізетін тақырыптық және интерактивті сессиялар өтеді. Қатысушылар «Биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді орнықты басқару», «Жасыл қаржыландыру: Қазақстандағы сын-қатерлер мен мүмкіндіктер», сондай-ақ «Жастар және климат» тақырыбындағы өзекті пікірталасқа қатысады.

Білім беру мазмұнынан бөлек, Баянауыл бағдарламасы тәжірибелік шеберлік сабақтарын және аймақтың тарихи-мәдени әрі табиғи нысандарына арналған қызықты экскурсияларды қамтиды. Қатысушылар экология саласындағы жетекші сарапшылардан жаңа білім алып қана қоймай, оларды табиғат аясында тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне ие болады.

Фестиваль 14 тамызда қорытынды шарамен және сертификаттар табыстау рәсімімен аяқталады. Бұл — жас көшбасшылар үшін өздерінің экологиялық жобаларын жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам болмақ.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53