NU: 16 жылдағы жүздеген жетістіктер

Биыл NU-ға 16 жыл толды. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде университет әлемдік деңгейдегі білім беруді, озық ғылыми зерттеулер мен инновацияларды ұштастырған Орталық Азиядағы жетекші академиялық және зерттеу орталықтарының біріне айналды. Бүгінде NU жаңа буын көшбасшыларын, ғалымдар мен кәсіпкерлерді даярлап қана қоймай, Қазақстанның экономикасы, ғылымы және мемлекеттік саясатының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Соңғы бір жыл ішінде университет халықаралық аренадағы позициясын одан әрі нығайтып, тағы бір маңызды белеске көтерілді.

Times Higher Education World University Rankings беделді рейтингісінің қорытындысы бойынша Nazarbayev University әлемдегі үздік университеттердің 23%-ының қатарына енді. NU дипломдары Түркия мен Қытайда ресми түрде мойындалып, ал университет мектептері өз бағыттары бойынша әлемдік рейтингтер бойынша үздік 200-ге кірді. Сондай-ақ NU бірнеше пәндік бағыт бойынша Shanghai Ranking рейтингіне енген Орталық Азиядағы жалғыз университет болды. Университеттің 42 профессоры әлемдегі ең көп сілтеме жасалатын зерттеушілердің үздік 2%-ы қатарына енді.

Университеттің ғылыми әлеуеті де қарқынды дамып келеді. Scopus халықаралық дерекқорында индекстелген ғылыми жарияланымдар саны 10 мыңнан асты. Бір ерекшелігі, алғаш рет әр төртінші ғылыми жұмыс студенттердің қатысуымен жарық көрді. Бұл университеттің жастардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді.

Халықаралық серіктестік ауқымы да кеңеюде. Өткен жылы Гонконг ғылым және технологиялар университетімен (HKUST) және SOAS Лондон университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары іске қосылды. Айтарлықтай нәтижелерге Жоғары бизнес мектебі қол жеткізді. Мұнда HKUST Бизнес мектебімен қос диплом бағдарламасы және HKUST-пен бірлесіп жүзеге асырылатын Executive Education бағдарламасы іске қосылды.

NU экожүйесінен шыққан стартаптардың негізін қалаушылар Вашингтонда Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Бұл университеттің халықаралық беделінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі университеттің инновациялық экожүйесін дамыту болды. Аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын алғашқы NU ғылыми паркінің құрылысы басталды. Бұл нысан ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы ынтымақтастықтың жаңа орталығына айналмақ. Astana Business Campus халықаралық ғылыми парктер қауымдастығына мүше болды, ал университетте құрылған стартаптар $20 млн-нан астам инвестиция тартты. NU түлектері негізін қалаған Higgsfield стартабы Қазақстандағы алғашқы «юникорн» атанса, студенттердің үш жобасы Stanford StartX акселераторына қабылданды.

Жыл жетістіктерінің ішінде Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) орны ерекше. Мұнда Қазақстандағы алғашқы толықтай тәуелсіз тілдік модель — KazLLM әзірленді. Институт жасаған Oylan, MangiSoz, TilSync және Beynele платформалары бүгінде мемлекеттік секторда, білім беру жүйесінде және өнеркәсіпте енгізіліп, еліміздің жасанды интеллект саласындағы әлеуетін күшейтіп келеді.

Университеттің академиялық мектептері де жоғары нәтижелер көрсетті. Жоғары білім беру мектебі Regional Leadership in Education Programme атты жаңа бағдарламаны іске қосып, оқыту мен зерттеу саласындағы жетістіктері үшін ең көп марапатқа ие болды. Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі Орталық Азияда алғаш рет математика әлеміндегі «Оскар» деп аталатын беделді ISAAC конгресін қабылдады.

Медицина саласында да маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. University Medical Center-мен бірлесіп Қазақстандағы жүрек трансплантациясы бойынша 100-ші ота жасалды. Ал ALEM ағзаларды сақтау технологиясы Жапонияда өткен Expo 2025 дүниежүзілік көрмесінде таныстырылды.

NU-дағы білімге деген жоғары қызығушылық қабылдау науқанының нәтижелерінен де байқалады. Ашық есік күніне 14,5 мыңнан астам адам қатысты, ал оқуға түсуге берілген өтінімдер саны алғаш рет 10 мыңнан асты. Сондай-ақ түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 98%-ға жетті.

Он алты жыл ішінде Nazarbayev University елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, озық технологияларды дамытатын және Қазақстанда ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де сұранысқа ие шешімдер ұсынатын әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналды. Бүгінде NU білім, ғылым және инновацияны тоғыстыра отырып, ел болашағына қызмет ететін және Қазақстан дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53