2023 жылғы 27 қаңтарда Назарбаев Университетінің (NU) президенті, сонымен бірге БҰҰ Тұрақты даму шешімдерінің қазақстандық желісінің (SDSN Kazakhstan) төрағасы Шигео Катсу, Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің осы Ұлттық желіге кіруінің ресми рәсіміне қатысты.
Өткен жылы БҰҰ агенттіктерімен, көпжақты қаржы институттарымен, жеке сектормен және азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс істейтін жаһандық SDSN Назарбаев Университетін Ұлттық SDSN желісінің штаб-пәтері ретінде бекітті.
Білім беру мен серіктестікті басым бағыт ретінде таңдай отырып, SDSN Kazakhstan орнықты даму саласындағы зерттеулерді ел университеттерінің оқу жоспарларына енгізуге және жоғары білім беру жүйесінде тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға назар аударады.
«Біз Қарағанды университетінің осы желіге енуіне өте қуаныштымыз, өйткені сіздердің университеттеріңіз индустриялық аймақтың экожүйесінің орталығында орналасқан және өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтасады. Осыған орай, сіздің университетіңіз «Sustainable Development Solutions Network» желісінде маңызды рөл атқарады», — деді NU президенті Шигео Катсу.
Сапар барысында NU делегациясы жергілікті ғалымдардың қызметімен танысып, NU мен Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
БҰҰ Тұрақты даму шешімдерінің желісі 2012 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен білім беру, зерттеу, саясатты талдау және жаһандық ынтымақтастық арқылы SDG мақсаттарын ілгерілету үшін құрылған. Жаһандық SDSN қазіргі уақытта 137 елде 1600 мүше институтты, оның ішінде 47 ұлттық және аймақтық желілерде ұйымдастырылған 1318 университет пен зерттеу институтын қамтиды. Қазақстандық филиалдың құрамына 25 мүше кіреді: университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және үкіметтік емес ұйымдар.
Мүшелер туралы қосымша ақпаратты www.unsdsn.org/kazakhstan сайтынан алуға болады.







