Nazarbayev University (NU) жанындағы Жаңа материалдар және энергетикалық технологиялар институты (INMET) мен Beijing University of Chemical Technology арасында Халықаралық зерттеу ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен инновациялық әзірлемелерді дамытуға бағытталған.
Келісімді Beijing University of Chemical Technology университеті кеңесінің төрағасы Лиу Гуйцин (Liu Guiqin) және INMET бас директоры, профессор Жұмабай Бакенов бекітті.
Серіктестік энергетикалық технологиялар, жаңа материалдар, химиялық инженерия, жасанды интеллект және тұрақты төмен көміртекті технологиялар сияқты негізгі бағыттарды қамтиды.
Ынтымақтастық аясында тараптар бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруды, зерттеушілер арасындағы академиялық алмасуды дамытуды, сондай-ақ ортақ семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
«Тұрақты энергетикаға жаһандық көшу халықаралық деңгейде күш біріктіруді талап етеді. INMET-тің зерттеу әлеуетін және бейжіңдік әріптестеріміздің, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы терең тәжірибесін біріктіре отырып, біз болашақ энергетикасына арналған инновациялық материалдарды әзірлеу мен коммерцияландыруды айтарлықтай жылдамдата аламыз», — деп атап өтті INMET бас директоры, профессор Жұмабай Бакенов.
Аталмыш келісімге қол қою халықаралық академиялық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды. Ол технологиялар трансфері мен зерттеу тәжірибесімен алмасу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.














