Стратегия, қаржы және басқару: әйелдер көшбасшылығын дамыту бағдарламасының екінші модулі өтті

9–10 қыркүйек күндері NU-да Women Leadership Development Programme (WLDP) бағдарламасының екінші модулі өтті. Екі күндік интенсивке ғылым, мемлекеттік басқару, бизнес және үкіметтік емес сектор өкілдерінен құралған 80-ге жуық қатысушы жиналды. Бағдарлама стратегиялық көшбасшылық, қаржылық шешімдер қабылдау және тиімді басқару мәселелеріне арналды.

Іс-шараны NU вице-президенті, бағдарлама авторларының бірі Гүлмира Қанай ашты. Екі күн бойы қатысушылар гранттық қаржыландыру тарту құралдарын, гендерлік бюджеттеуді, комплаенс талаптарын және жобаларды ауқымдау стратегияларын тәжірибе жүзінде талқылады.

NU Жоғары білім беру мектебінің вице-провосты әрі деканы Аида Сағынтаева көшбасшылықты дамытуда әртүрлі секторлардың өзара байланысын күшейтудің маңызын атап өтті: «Көшбасшылық — институционалдық шекаралардан тыс ресурстарға ықпал етіп, серіктестік орната білу. Біздің мақсатымыз — әйелдердің өзгерістерге бастамашы болып, оларды жүзеге асыру қабілетін күшейту».

Модульдің ерекше элементтерінің бірі басқару дағдыларын дамыту бағдарламасына өнерді кіріктіру болды. Қазақстандық өнер қайраткерлерімен, соның ішінде Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Лейла Махатпен өткен арнайы сессияларда қатысушылар шығармашылықтың ішкі тұрақтылықты қалыптастырудағы рөлін және көшбасшылық ойлау жүйесін дамытудағы мүмкіндіктерін зерделеді. Модуль ресурстар шектеулі жағдайда шешім қабылдау тақырыбындағы панельдік пікірталаспен қорытындыланды.

Еске сала кетейік, WLDP бағдарламасының алғашқы модулі 2026 жылғы маусымда өтті. Оның ашылуында NU президенті профессор Вакар Ахмад негізгі сын-қатерлердің бірі ретінде STEM бағыттары мен академиялық қызметтердегі әйелдер үлесін арттыру қажеттігін атап өткен болатын.

Әйелдер көшбасшылығы мәселесі басқа салалар үшін де өзекті. Бағдарлама басталған кезде атап өтілгендей, Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысына жуығы әйелдердің иелігінде. Алайда саяси көшбасшылықта және Парламенттегі әйелдердің үлесі 17–18% деңгейінде қалып отыр.

Анықтама: WLDP бағдарламасын NU-дың Жоғары білім беру мектебі (GSE), Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (GSPP) және Жоғары бизнес мектебі (GSB) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп әзірледі. Қатысушылар қорытынды жобаларын 2026 жылғы қараша айының соңында таныстырады. Бағдарлама NU-дың БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда 5-мақсат — «Гендерлік теңдік» және 10-мақсат — «Теңсіздікті азайту» мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53