Жасанды интеллект дәуірінде терең ойлауға үйрететін кітапхана: NU-де EALC-2026 конференциясы өтті

22–23 қазанда Nazarbayev University-де өткен академиялық кітапханалардың 14-ші Еуразиялық конференциясында жасанды интеллектінің білім мен ғылымға ықпалы, терең оқу мәдениеті және университет кітапханаларының өзгеріп жатқан рөлі талқыланды.

Конференциядағы негізгі тақырыптардың бірі — жасанды интеллект кеңінен қолданылып жатқан кезеңде кітапханалардың қызметі мен міндеттерінің өзгеруі. Бүгінде технологиялар қажетті ақпаратты жылдам табуға, көлемді мәтіндерді қысқаша мазмұндауға және үлкен деректер жиынтығын өңдеуге мүмкіндік береді. Алайда осы мүмкіндіктерді пайдалану білім беру саласы үшін маңызды сұрақ туындатады: студенттердің ақпаратты дайын күйінде қабылдамай, түпнұсқа дереккөздерді оқып, мазмұнын өз бетінше саралау дағдысын қалай дамытуға болады?

Nazarbayev University кітапханасының директоры Әсемгүл Темірханова оқу мәдениетінің өзгеруіне және оның жоғары білім мен ғылыми зерттеулер үшін маңызына тоқталды. Ол The Atlantic басылымында жарияланған, көлемді мәтіндерді терең оқудың азаюына арналған материалды мысалға келтірді. Оның айтуынша, мәселе тек кітап оқуды әдетке айналдыруда емес. Адамның күрделі мәтінді түсінуі, ондағы ойлар мен дәлелдерді талдауы және оқығаны негізінде өз тұжырымын жасай білуі де маңызды.

«Оқу — адамға туа біткен қабілет емес. Бұл — таңбаларды мағынаға айналдыруды үйрену», — деп атап өтті Әсемгүл Темірханова.

Кітапхана директорының пікірінше, жасанды интеллектінің кең таралуы бұл мәселенің өзектілігін арттыра түсті. Егер студенттер түпнұсқа мәтіндерді оқудың орнына олардың қысқаша мазмұнын ғана пайдалануға дағдыланса, университеттер білімді терең меңгеруге және зерттеу жүргізуге қажетті дағдыларды дамытуға көбірек көңіл бөлуі керек.

Сонымен бірге академиялық кітапхананың міндеті кітаптарды сақтап, оқырманға ұсынумен шектелмейді. Зерттеу университетінде кітапхана ғылыми инфрақұрылымның маңызды бөлігі саналады: ол зерттеушілерге қажетті дереккөздерді табуға, олардың сапасын бағалауға және ғылыми әдебиетпен жұмыс істеуге көмектеседі.

Әсемгүл Темірханова NU студенттерінің кітапхана ресурстарына деген қызығушылығы жоғары екенін де атап өтті. Кітапхана оқу мен зерттеу жұмысына белсенді пайдаланылып келеді. Студенттердің қазақ тіліндегі кітаптарға қызығушылығы университетте өткен кітап жәрмеңкесі кезінде де байқалған: ұсынылған басылымдардың едәуір бөлігі сатылып кеткен. Бұл жағдай студенттердің қазақ тіліндегі әдебиетке қызығушылығы бар екенін көрсеткен мысалдардың бірі болды.

Конференцияда кітапханалардың технологиялық өзгерістерге қалай бейімделетіні де сөз болды. АҚШ-тағы Канзас университеті кітапханаларының деканы Кэрол Э. Смит өз баяндамасында қызметкерлерді жаңашылдыққа тарту және ұйым ішіндегі өзгерістерге жағдай жасау мәселелерін қарастырды.

Оның айтуынша, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы көптеген ұйымды өзгерістерге жауап беруге мәжбүр етеді. Алайда ұзақ мерзімді нәтиже тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмейді. Ол үшін жұмыс үдерістерін қайта қарауға, басқару тәсілдерін жаңартуға және командалардың өзара әрекеттесуін жетілдіруге дайын болу қажет.

Смит жаңашылдыққа кедергі келтіруі мүмкін факторлардың бірі ретінде шешімдердің негізінен жоғарыдан төмен қарай қабылданатын басқару жүйесін атады. Мұндай тәсіл кейбір міндеттерді жылдам орындауға көмектескенімен, қызметкерлердің өз идеяларын ұсынуына және жаңа жобаларды дербес дамытуына шектеу қоюы мүмкін.

EALC-2026 халықаралық бағдарламасына АҚШ пен Оңтүстік Кореядан келген мамандар қатысты. Конференцияда университет кітапханалары арасындағы ынтымақтастық, жасанды интеллектіні кітапхана қызметі мен ғылыми жұмыста қолдану, ғылыми ақпаратты іздеу және талдау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін жүйелеу мәселелері қарастырылды.

Бағдарлама аясында Канзас университеті кітапханаларының жаһандық кітапханалық ынтымақтастық институтының директоры Брайан Розенблум Қазақстан мен АҚШ арасындағы кітапханалық әріптестік тәжірибесімен бөлісті. Ёнсе университетінің профессоры әрі Корея кітапханалары қауымдастығының вице-президенті Ли Джи Ён интеллектуалды кітапхана қызметтерін дамытуға арналған деректер жүйелерін біріктіру тақырыбында баяндама жасады. Ал Стэнфорд университетінің медицина мектебіне қарасты Lane Medical Library маманы Богларка Хаддлстон зерттеушілерге ғылыми ақпаратты іздеу, бағалау және жинақтау дағдыларын үйрету мәселесіне тоқталды.

Конференция бағдарламасында жасанды интеллектіні қолдану кезіндегі академиялық адалдық, зерттеушілердің ақпараттық сауаттылығы, кітапхана үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ кітапханалардың оқытушылармен және студенттермен өзара байланысы да қамтылды.

EALC-2026 академиялық кітапханалардың болашағы тек жаңа технологияларды енгізумен айқындалмайтынын көрсетті. Ақпарат ағынында бағдар табуға көмектесу, адамның өз бетінше ойлау қабілетін дамытуға жағдай жасау және студенттер, зерттеушілер мен кәсіби қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту да кітапханалардың маңызды міндеттеріне айналып келеді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53