2026 жылғы 25 тамызда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен NU Қамқоршылық кеңесінің 60-шы, мерейтойлық отырысы өтті.
Кеңес мүшелері NU-дың 2026–2031 жылдарға арналған «World Class — Made in Kazakhstan» стратегиясын іске асыру нәтижелерін талқылады.
Кеңесте сөз сөйлеген NU президенті профессор Вакар Ахмад әріптестерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, университетке Қазақстаннан ғана емес, шетелден де талапкерлердің қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
«Биыл NU-ға түсуге ниет білдірген талапкерлерден рекордтық көрсеткіш — шамамен 12 мың өтініш түсті. Сонымен қатар университет тарихында шетелдік студенттерді қабылдау бойынша да ең жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл университетке деген сенімнің жоғары екенін және оның халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетеді. NU ғылыми зерттеулер саласындағы жетістіктерін одан әрі арттыруға ұмтылуда: ғылыми жарияланымдарымыздың 80 пайыздан астамы Q1 санатындағы журналдарда жарық көреді. Біз зерттеу нәтижелерін нақты шешімдерге айналдыру үшін өнеркәсіп өкілдерімен тығыз жұмыс істейміз. Сонымен қатар Қазақстанда және одан тыс жерлерде елдің дамуына үлес қоса алатын жаңа буын көшбасшыларын даярлауға ерекше мән береміз», — деді профессор Ахмад.
NU президенті университеттің ұзақ мерзімді дамуында басқару органдарының айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Жоғары қамқоршылық кеңес пен Қамқоршылық кеңес Қазақстандағы және шетелдегібілім беру саласы өкілдерінің тәжірибесі мен сараптамалық пікірлерін тоғыстырып, университеттің стратегиялық дамуына бағыт-бағдар береді.
В. Ахмад сондай-ақ Мемлекет басшысы бекіткен «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының басымдықтарына сәйкес құрылған Есептеу ғылымдары және жасанды интеллект мектебі (SCAI) туралы айтып берді.
Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ермек Көшербаев NU қызметінің ағымдағы нәтижелері туралы тыңдап, бірқатар басым міндеттерді белгіледі.
«Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, қазақстандық ғалымдарға берілетін мүмкіндіктерді кеңейту және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға жағдай жасау маңызды. Қазіргі таңда NU, NIS және NU&NIS Foundation алдында қол жеткізген нәтижелерді сақтап қанақоймай, өз қызметінің экономика мен қоғамға тигізер нақты пайдасын арттыру міндеті тұр. Зерттеу нәтижелері нақты секторда белсендірек қолданылуы керек, ал білім беру ұйымдары қолданыстағы технологияларды меңгеріп қана қоймай, өздерінің инновациялық шешімдерін әзірлей алатын мамандарды даярлауы қажет», — деді Ермек Көшербаев.













