17 сәуір күні Nazarbayev University-де «Жас ғалым – VIII» атты жыл сайынғы ғылыми конференция өтті. Іс-шара Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың 160 жылдығына арналды. Конференцияны университеттің Қазақ тілі және түркітану кафедрасы басшылықтың қолдауымен ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты — академиялық қазақ тілін ғылыми ортада дамыту, оны жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ Қазақстан жоғары оқу орындары студенттері арасындағы интеграция мен ынтымақтастықты нығайту. Биылғы жиынға еліміздің 25 жоғары оқу орнынан 128 студент қатысты.
Іс-шараның ашылуында Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі профессор Юлай Шамильоглы құттықтау сөз сөйледі.
«Біз қазақ тіліне терең құрметпен қараймыз және оның мәртебесі мен беделін арттыруға, әсіресе ғылым тілі ретінде дамытуға ұмтыламыз. Осы мақсатпен 2019 жылы осы конференцияны бастадық. Біздің еңбегіміз Қазақстанның дамуына белгілі бір деңгейде үлес қосты деп сенемін. Бұған бір мысал ретінде бірнеше жыл бұрын конференцияда баяндама жасаған академик Асқар Жұмаділдаевты айтуға болады. Ол іс-шарадан кейін Қазақстан Республикасының Президентімен кездесіп, келесі күні Мемлекет басшысы қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың маңызын көпшілік алдында атап өтке болатын», — деді профессор.
Шақырылған спикерлер қатарында Ankara Hacı Bayram Veli University профессоры Гүлжанат Құрманғалиева, NU ғалымы Мақсат Жабағин және IT-сарапшы Тимур Бектұр болды.
Конференция жұмысы бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылды: қазақ тілі мен әдебиеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, сондай-ақ техникалық және медициналық салалар. Талқыланған баяндамалар арасында «Жастар сленгі және тіл мәдениеті», «Кинематографиядағы аударма мәселелері», «Қазақ тілін оқытудағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктері» және басқа да тақырыптар болды.
«Жас зерттеушілермен кездескенде, Қазақстан ғылымының әлеуеті зор екенін түсінесің. Олардың қызығушылығы, ғылымның дамуына үлес қосуға деген талпынысы және шығармашылыққа деген ұмтылысы — өте жоғары деңгейде. Мен Канадада шамамен 25 жыл ғалым, зерттеуші және оқытушы ретінде жұмыс істедім, студенттердің өздері ұйымдастырған мұндай деңгейдегі іс-шараларды бұрын-соңды көрген емеспін», — деді университет провосты Рехан Садик.















