Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Nazarbayev University магистранттарының шақыруымен «Жасанды интеллект дәуірінде білім беру жүйесін трансформациялау» тақырыбында дәріс оқыды.
Сөз басында Жұлдыз Сүлейменова елдің басты байлығы адам капиталы екенін атап өтті.
«Біздің болашақ байлығымыз — жер қойнауындағы металдар емес, сауатты, білімді, құндылықтарға берік әрі отансүйгіш жастар. Биыл 1-сыныпқа баратын оқушылар мектепті тек 2037 жылы ғана тәмамдайды. Сол уақытқа қарай еңбек нарығы қандай болады? Қандай құндылықтар, академиялық білім мен құзыреттер сұранысқа ие болады? Бүгін бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиын. Алайда жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгін біз NU қабырғасында адам капиталын дамыту мен мемлекеттік саясаттың ең өзекті мәселелерін талқылау үшін жиналдық», — деп министр дәрісін бастады.
Кездесуге университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты. Министр Қазақстандағы мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесін дамыту бойынша Оқу-ағарту министрлігінің негізгі бағыттарын таныстырды.
«Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар 2030 жылға қарай білім беру жүйесінің өнімділігін 10–15%-ға арттыра алады. Бұл — күнделікті қайталанатын міндеттерді автоматтандыру, білім беру деректерін талдау және оқытуды дараландыру есебінен мүмкін болады. Мектеп тек білім беретін орын болудан қалып, цифрлық экономикаға қажет құзыреттерді қалыптастыратын кеңістікке айналуда. Оның ішінде сыни ойлау, жобалық оқыту және ақпаратпен жұмыс істеу дағдылары бар», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект жаңа мамандықтардың пайда болуына, еңбек нарығы құрылымының өзгеруіне және барлық буын өкілдерінің цифрлық құзыреттерін дамытуға негіз болатын басты платформаға айналады.
Дәрістен кейін қатысушылар министрге Q&A форматында сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Кейбір қатысушылар мектепке дейінгі және мектептегі білім беруді дамытуға қатысты ұсыныстарын да білдірді. Атап айтқанда, қатысушылардың бірі қазақ тіліндегі оқулықтардағы аударма сапасы мен қателер мәселесіне назар аударды. Басқа қатысушылар өздерінің білім беру жобалары туралы айтып, министрлікпен ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында министрге алғыс хат табысталып, іс-шара қатысушыларымен естелік суретке түсу рәсімі өтті.
Айта кетейік, Nazarbayev University Graduate School of Education Times Higher Education әлемдік рейтингінде үздік 200 мектептің қатарына кіреді. Білім беру бағдарламаларынан бөлек, мектеп Қазақстан өңірлеріндегі педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатында мектеп директорларына арналған тренингтер мен семинарлар ұйымдастырады.










