«Жас геолог – 2025» атты II Республикалық далалық олимпиадаға дайындық аясында 60-тан астам мектеп оқушысы арнайы дәрістерге қатысты.
Астанадағы Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шақыруымен Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің ассистент-профессорлары Джордж Мэтьюз, Камал Р. Регми және Джовид Аминов ерікті негізде академиялық қолдау көрсетті.
4–5 маусымда еліміздің әр өңірінен келген оқушылар университет қалашығында олимпиаданың негізгі бағыттары – минералогия, геологиялық қауіптер мен қоршаған орта, петрология бойынша дәріс тыңдады. Сонымен қатар олар геологиялық қималарды құжаттау және шөгінді түзілістерді картаға түсіру бойынша практикалық дағдыларға ие болды.
NU-дың Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі осындай бастамаларды қуана қолдай отырып, академиялық ғылым мен мектеп білімінің арасындағы байланысты нығайтуға және Жер туралы ғылымдарға қызығушылық танытқан жаңа буынды шабыттандыруға үлес қосуда.









