Оқушылар мен студенттердің басым бөлігі үшін жаз – демалатын, достармен қыдырып, табиғат аясына шығатын уақыт. Бірақ Nazarbayev University жазғы бағдарламаларына қатысушылар үшін бұл демалыс зерттеулер мен жаңа білімге арналды. Биыл университет кампусы мен тіпті Бурабай ұлттық паркі олар үшін ашық аспан астындағы алып ғылыми зертханаға айналды. Бір маусым ішінде университет Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Еуропа, Қытай, Ресей, Армения және Қырғызстаннан келген оқушылар үшін төрт бірдей бағдарлама өткізді. Жастар әдеттегідей демалудың орнына жасанды интеллект саласында жобалар жасап, астрофизиканы зерттеді, экологиялық сараптамалар жүргізіп, заманауи ғылыми жабдықтармен жұмыс істеді.
Алғашқы болып ядролық физика, астрофизика және озық технологияларға арналған NPAA Summer School жазғы мектебі басталды. 700 үміткердің ішінен іріктеліп алынған 30 дарынды оқушы мектеп бағдарламасынан әлдеқайда ауқымды білім ортасына енді. Олардың сабақ кестесі нағыз ғалымдардың күнделігіндей болды: фотометрия, жұлдыздардың сөнуі және жалпы салыстырмалылық теориясынан бастап, микрочиптер мен микрофлюидиканы жобалауға дейін қамтылды. Жас ғалымдар астрономиялық есептерді шешу үшін Python тілінде код жазып, аэродинамика сарапшыларымен бірге планерлер құрастырды, сондай-ақ Үлкен адрон коллайдеріндегі соңғы жаңалықтар туралы дәрістер тыңдады.
Эстафетаны жасанды интеллект саласының болашақ әзірлеушілері жалғастырды. Алты аптаға созылған ISSAI Summer Research Program бағдарламасы 77 жас зерттеушінің басын қосты. Қатысушылар Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) мықты дата-саентист мамандарымен бірге жұмыс істеді. Командалар ЖИ-аватарлар, мобильді қосымшалар, аудиовизуалды модельдер жасап, роботтарды бағдарламалады. Инновациялық экожүйеге бойлау процесі Astana Hub пен NU Технопаркіне жасалған экскурсиялармен толығып, соңында қатысушылар өз жобаларын сәтті қорғап шықты.
Жаздың ең ауқымды шарасы – 200-ден астам оқушыны біріктірген он күндік NU Summer Camp бағдарламасы болды. Оқушылар студенттік өмірмен танысып, жаратылыстану ғылымдары, медицина, инженерия, робототехника және академиялық дайындық бағыттарында жобалар әзірледі. Жобаларды қорғау кезінде Inside Science бағытының қатысушылары химиялық шағын зерттеулер мен ДНҚ-электрофорез тәжірибелерінің нәтижелерін ұсынса, Maker Lab командалары инженерлік конструкцияларды беріктікке сынады, ал CyberMind әзірлеушілері өз қолдарымен құрастырған роботтарын көрсетті. Success Track бағытының тыңдаушылары бағдарламаны әлемнің жетекші университеттеріне түсуге толық дайын эссе, түйіндеме және құжаттар пакетімен аяқтады.
Дегенмен, ғылыми жұмыстар тек елордалық кампустың зертханаларымен шектелген жоқ. Тағы бір ауқымды бастама – Бурабай ұлттық паркіндегі далалық практика болды. NU биолог-студенттері мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары жергілікті инфрақұрылымды жаңғыртып, тікелей орман ішінде заманауи база құрды. Бұл жастарға биологиялық үлгілерді дала жағдайында өңдеуге, экологиялық зерттеулер үшін дрондар ұшырып, геодеректермен жұмыс істеуге және зерттеу процесін үзбей, нәтижелерді халықаралық базаларға жүктеуге мүмкіндік берді.
Тақырыптары әртүрлі болғанымен, барлық бағдарламалар бір ортақ мақсатқа тоғысты: ол – жастарға практика, нағыз ғалымдармен жұмыс істеу және шынайы міндеттерді шешу арқылы заманауи ғылыммен танысуға мүмкіндік беру.
Бұл тәжірибенің қаншалықты маңызды болғанын қатысушылар мен олардың ата-аналарының пікірлерінен-ақ байқауға болады. Ата-аналардың айтуынша, бағдарламадан кейін балалардың оқуға деген ынтасы артып, жобалық жұмыстарға қатты берілгені соншалық, тіпті үйге хабарласуды ұмытып кеткен кездері де болған. Ал қатысушылардың өздері үшін ең құндысы – озық ғылыми жабдықтармен жұмыс істеп, өзін нағыз зерттеу ортасының бір бөлшегіндей сезіну мүмкіндігі болды. Дәл осындай практикалық тәжірибе оқулықтағы құрғақ білімді ғылымға және болашақ мамандыққа деген шынайы қызығушылыққа айналдыруға көмектеседі.

















