NU басшылығының жаңа студенттерге арналған құттықтау сөзі

Nazarbayev University-де (NU) Бағдарлау апталығы өтіп жатыр. Бұл — жаңа студенттердің университетпен, академиялық ортамен және бір-бірімен танысатын кезеңі. Бакалавриат, магистратура, докторантура және университеттің дайындық бағдарламасына (NUFYP) қабылданған студенттерге университет басшылығы алдағы оқу жылдарына арналған ақыл-кеңестері мен тілектерін жеткізді.

Студенттерге арнаған сөзінде NU президенті, профессор Вакар Ахмад университетте берілетін мүмкіндіктерді барынша пайдалануға және өзіне таныс шеңберден шығып, жаңа тәжірибеге ашық болуға шақырды.

«Әр мүмкіндікті пайдаланыңыздар. Алдағы бірнеше жыл өздеріңіз ойлағаннан да тез өтеді. Көкжиегіңізді кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге жол ашыңыздар: зертханада жұмыс істеу, аудиторияда білім алу, студенттік ұйымның жұмысына қатысу немесе академиялық алмасу бағдарламасына қосылу — мұның бәрі сіздердің университеттегі тәжірибелеріңіздің бір бөлігі бола алады».

В. Ахмад студенттерді қиындықтардан қорықпауға, сұрақ қоюға және бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды. Оның айтуынша, университет қабырғасында орнаған достық пен кәсіби байланыстар болашақтағы бірлескен жобаларға берік негіз бола алады.

«Өздеріңізге жаңа міндеттер қойып, мүмкіндіктеріңізді сынап көріңіздер. Күрделі сұрақтар қоюдан, жаңа идеяларды зерттеуден және қалыптасқан жайлы ортаңыздан шығудан қорықпаңыздар. Ең бастысы — бір-біріңізге қолдау көрсетіңіздер. Осы жерде орнайтын достық қарым-қатынастар кейін кәсіби ортадағы ең мықты байланыстарыңызға және болашақтағы ортақ жобаларыңыздың негізіне айналуы мүмкін».

Студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президент Қадиша Даирова студенттерге университеттегі оқуымен қатар, өздерін жан-жақты дамыту маңызды екенін айтты:

«Сіздерді университет қауымдастығымыздан көргенімізге шын жүректен қуаныштымыз! Университеттегі жылдарыңыз — мүмкіндіктерге толы, өміріңіздегі ерекше кезең. Өзіңізді тек оқумен шектемеңіздер: студенттік өмірден ләззат алыңыздар, таланттарыңызды дамытыңыздар, көшбасшылық қабілеттеріңізді шыңдаңыздар. Сабақтан тыс іс-шараларға да белсенді қатысыңыздар. Оқу мен студенттік өмірдің арасындағы осы тепе-теңдік сіздердің болашақта өзіне сенімді маман әрі көшбасшы ретінде қалыптасуларыңызға ықпал етеді».

Зерттеу университетінің студенті болу нені білдіретіні туралы академиялық істер жөніндегі вице-провост Саманта Смидт айтып берді:

«Университет — мектептің жалғасы ғана емес. Мұнда сіздер дайын білімді меңгеріп қана қоймай, оның қалай қалыптасатынын, қалай тексерілетінін және кейде қайта қаралатынын үйренесіздер. Университетке төрт жыл бойы дайын жауаптарды жаттап алу үшін келген жоқсыздар. Мұнда жауаптардың қалай ізделетінін түсініп, уақыт өте келе сол ізденіске өздеріңіз де үлес қосу үшін келдіңіздер. Сабақта сұрақ қоюдан тартынбаңыздар, оқытушылармен кездесіп, пікірлесіңіздер, ойланыңыздар және олардан үйренуге тырысыңыздар. Сондай-ақ өз деңгейіңізден сәл жоғары көрінетін мүмкіндіктерден бас тартпаңыздар. Әсіресе сондай мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыздар».

Биыл NU қауымдастығына 3 290 бірінші курс, магистратура және докторантура студенті қосылды. Олар 12 мыңға жуық талапкердің арасынан іріктеуден сәтті өтті.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53