NU-да экологиялық сауаттылықты арттыруға, жауапты тұтынуға және тұрақты дамуға арналған Sustainability Week 2026 апталығы өтті. Апталық аясында NU студенттері мен қызметкерлері Астана жастарының қатысуымен заттарды қайта пайдаланудан бастап, қаладағы ағынды суларды тазарту үдерісімен танысуға дейінгі практикалық бастамаларға қатысты.
Апталықтың негізгі шараларының бірі — Астанадағы жоғары оқу орындарынан тоғыз студенттік команда қатысқан университетаралық Eco Quiz болды. Қатысушылар экология және тұрақты даму саласындағы білімдерін сынап, басқа университеттердің студенттерімен идея және тәжірибе алмасты.
NU кампусында заттарды бөлісуге және қайта пайдалануға бағытталған Дармарка да ұйымдастырылды. Студенттер мен қызметкерлер өздеріне қажет емес киім, аяқ киім, кітап және басқа да заттарды әкелді. Акциядан кейін қалған заттар одан әрі пайдалану және әлеуметтік қолдау көрсету үшін LikeKomek-ке тапсырылды.
Бағдарламаның бір бөлігі университет кампусынан тыс жерде өтті. Студенттер, қызметкерлер мен еріктілер «Астана Су Арнасы» тазарту құрылыстарына барып, ағынды суларды тазарту үдерісімен танысты және экологиялық тұрақтылық қағидаттарының қалалық инфрақұрылымда қалай жүзеге асырылатынын көрді. Сапарға NU Тұрақты даму офисінің, USM және UMC Facility өкілдері, NU және Астанадағы басқа да жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ UNICEF еріктілері қатысты.
Sustainability Week қорытынды конференциямен аяқталды. Қатысушылар апта қорытындыларын шығарып, алдағы экологиялық бастамаларды талқылады. Сондай-ақ NU студенттері мен қызметкерлері үшін экологиялық тақырыптағы фильм көрсетілді.
Sustainability Week 2026 тұрақты даму тек ауқымды шешімдерден ғана емес, күнделікті әдеттерден де басталатынын көрсетті. Олардың қатарында жауапты тұтыну, ресурстарды қайта пайдалану, экологиялық білім беру және университет пен қала қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық бар.
Sustainability Week бастамалары Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына, атап айтқанда 11-мақсат — «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» және 12-мақсат — «Жауапты тұтыну және өндіріс» мақсаттарына сәйкес келеді.











