Риккардо Пелиццо Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы болып тағайындалды

Nazarbayev University халықаралық деңгейде танылған саясаттанушы профессор  Риккардо Пелиццоны Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (GSPP) деканы қызметіне тағайындады.

Бұған дейін деканның міндетін атқарған профессор Пелиццо дамушы елдердегі саяси даму, институционалдық реформалар және мемлекеттік басқару мәселелеріне маманданған. Оның зерттеулері парламенттердің әлеуетін және мемлекеттік институттардың тиімділігін бағалауға арналған талдау құралдарын әзірлеуге үлес қосты. Қазіргі уақытта ол саяси тұрақтылықты және тиімді мемлекеттік басқарудың өзге де қырларын өлшеуге арналған диагностикалық модельдерді әзірлеуді жалғастыруда.

Университет президенті Вакар Ахмадтың айтуынша, 2023 жылдан бері GSPP ғылыми қызметте айтарлықтай ілгеріледі. Мектеп жарияланымдарының жартысы әлемдік зерттеулердің үздік 10 пайызына кіреді, ал үштен бірінен астамы үздік 5 пайыз қатарына енген. Жыл сайынғы ғылыми еңбектер саны тұрақты түрде шамамен 60 жарияланымды құрайды. «Профессор Пелиццо мектептің зерттеу, білім беру және мемлекеттік секторымен өзара іс-қимыл бағыттарындағы мықты ұстанымдарын одан әрі дамытады деп сенемін. GSPP жұмысы Қазақстандағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ұзақ мерзімді әрі нақты әсер етуі маңызды», — деді ол.

Провост, профессор Рехан Садык бұл тағайындауды құптап, былай деп атап өтті: «Университеттің декандар командасы қатарынан осындай көрнекті ғалым әрі тәжірибелі академиялық көшбасшыны көру мен үшін үлкен қуаныш. Профессор Пелиццо GSPP-тың академиялық деңгейін одан әрі нығайтып, мемлекеттік саясатты дамытуға қосатын үлесін арттыратынына сенімдімін».

ScholarGPS деректеріне сәйкес, профессор Пелиццо соңғы бес жылда мемлекеттік басқару саласы бойынша әлемдегі зерттеушілердің үздік 0,44%-ының қатарына кіреді. Бірқатар халықаралық гранттар мен зерттеу стипендияларының иегері, ол 17 монографияның авторы, 43 кітап тарауының бірлескен авторы және рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған 90-нан астам мақаланың авторы. Оның еңбектері 14 тілге аударылып, жарық көрген. Соңғы еңбектерінің бірі The Culture of Accountability (Routledge, 2022) кітабы демократиялық басқарудағы есептілік мәселелеріне арналған.

Ғылыми қызметімен қатар, профессор Пелиццо 25-тен астам елде мемлекеттік органдармен және сарапшылық қауымдастықтармен белсенді жұмыс істеп, конституциялық жобалау, институционалдық реформалар және мемлекеттік басқару мәселелері бойынша кеңес береді. Қазақстанда да мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтасып, мемлекеттік саясат мәселелерін талқылауға қатысып келеді.

Бұл тағайындау NU басшылығының академиялық көшбасшылықты күшейтуге бағытталған соңғы кадрлық шешімдерінің бір бөлігі болып табылады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53