Қазақстанның төрт стартапы, соның ішінде Mirai Tech, StartX акселераторына қабылданды

Қазақстандық WeGlobal AI, Mirai Tech, Lumia және Moon AI стартаптары Stanford University жанындағы ең таңдаулы әрі беделді акселераторлардың бірі — StartX бағдарламасына өтті. Олар бұл мүмкіндікке StartX пен оның өңірлік серіктесі Astana Business Campus арасындағы платиналық әріптестік келісімнің арқасында қол жеткізді. Astana Business Campus NU Impact Foundation экожүйесіне кіреді.

StartX — әлемдегі талаптары жоғары акселераторлардың бірі. Ол тікелей инвестиция салмай, командалар мен технологияларға терең сараптама жасауға басымдық береді. Бұл ерте кезеңдегі инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтып, бағдарламаға қатысу жобаның сапасын айқындайтын маңызды белгіге айналады. Оның түлектері қатарында нарықтық құны 10 млрд доллардан асатын үш «декакорн» және 20-дан астам «юникорн» бар. Компаниялардың жиынтық бағасы 120 млрд доллардан асады.

Әдетте StartX бағдарламасына тек Stanford University түлектері ғана қатыса алады. Алайда Astana Business Campus-пен әріптестік қазақстандық стартаптарға акселерацияға, халықаралық венчурлік қорларға және Кремний алқабының жаһандық қауымдастығына жол ашты.

Astana Business Campus басқарма төрағасы Бауыржан Жумагалиев биылғы іріктеуде рекорд тіркелгенін атап өтті: Қазақстаннан бірден төрт жоба өткен, бұған дейін олардың саны үшеуден аспайтын. «Бұл стартаптардың сапасы артып, олардың жаһандық деңгейде бәсекеге дайын екенін көрсетеді. Қатысушылардың қатарында Mirai Tech deeptech-стартабының болуы да ерекше назар аудартады. Бұл жоба Nazarbayev University қабырғасында толық даму циклінен өтті: ABC Incubation бағдарламасынан бастап АҚШ нарығында ауқымдануға және Stanford жанындағы StartX-ке іріктелуге дейін», — деді ол.

Mirai Tech стартап негізін қалаушылардың бірі NU ассистент-профессоры Гульнур Калимулдина. Жоба биомеханикаға арналған портативті ЖИ-зертхана әзірлеген. Ақылды сенсорлы ұлтарақтар мен киілетін құрылғылар пациенттердің қалпына келу процесін нақты уақытта бақылап, жарақаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде шешім спорт саласында қолданылып жатыр, ал жақын айларда Италия мен Нидерландтағы футбол клубтарымен пилоттық жобалар іске қосылмақ.

WeGlobal AI — оқушылардың психологиялық саулығын қолдауға және кәсіби бағдар беруге арналған жасанды интеллектке негізделген EdTech платформа. Соңғы айларда ол 500 мыңнан астам оқушыны қамтып, жүздеген мектепке енгізілді.

Lumia АҚШ-тағы үй күтімі қызметтері нарығына арналған ЖИ-рекрутер әзірлеуде. Платформа кадр іріктеу үдерісін автоматтандырады. Пилот кезеңінде ол 250-ден астам түйіндемені өңдеп, 70-тен аса ЖИ-сұхбат өткізіп, үміткерлер тізімін қалыптастырды.

Moon AI шағын және орта бизнеске арналған корпоративтік ЖИ-агенттер платформасын жасап жатыр. Бұл шешім сату және клиенттермен жұмысты автоматтандыруға бағытталған. Ол CRM және ERP жүйелерімен біріктіріліп, мессенджерлер мен веб-сайттар арқылы жұмыс істейді, компанияларға шығынды азайтып, тиімділікті арттыруға көмектеседі.

Бұған дейін StartX бағдарламасынан Қазақстанның 15-тен астам стартапы өткен. Олардың қатарында Cerebra, Defect AI және Arlan Biotech жобалары бар.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53