NU әрқашан сарапшылар қауымдастығы үшін идеялар мен білім алмасу үшін платформа ұсынуға тырысады. 24 қаңтарда қонақ спикері ретінде Астанаға жұмыс сапарымен келген БҰҰ Даму бағдарламасының Әкімшісі көмекшісінің орынбасары — Өңірлік бюросы директорының орынбасары Ник Рене Хартманн дәріс берді. Назарбаев Университетінің оқытушылары, студенттері, магистранттары мен докторанттары Ғылымдағы әйелдер халықаралық күніне арналған «STEM жүйесінде әйелдер мен қыздардың әлеуетін ашу» тақырыбындағы маңызды дәрісті тыңдауға жиналды.
Дәріс алдында қонақ спикерді қарсы алған NU-дың Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Дархан Біләлов тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуде NU мен БҰҰДБ арасындағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті.
«Біздің ынтымақтастығымыз ірі жастар конференциялары мен ең маңызды тақырыптар бойынша қонақтық лекциялар сияқты іс-шараларға жол ашты. NU әрдайым білім беруде инклюзивті көзқарас пен гендерлік теңдікті таратуға ұмтылып, экологиялық бастамаларды қолдайды. 2011-2023 жылдар аралығындағы Scopus-те индекстелген жарияланымдарымыздың 34%-ға жуығы Тұрақты даму мақсаттарына арналған», — деп атап өтті Дархан Біләлов.
Дәріс барысында Ник Хартманн соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда STEM бағыты түлектерінің 30% ғана әйелдер екенін атап өтті. БҰҰДБ ресми өкілінің айтуынша, бұл әйелдердің STEM саласындағы диспропорциясын, гендерлік бейімділіктер мен стереотиптерге байланысты қиындықтармен бетпе-бет келуін сипаттайды, сондай-ақ жаһандық үрдісті көрсетеді.
NU осы диспропорциямен күресу үшін өз үлесін қосып жатқанын атап өту маңызды: STEM пәндерінде оқитын студенттердің 40% — қыздар. Университет бұл көрсеткіштің жыл сайын артып келе жатқанын мақтан етеді.
«Мен профессор Наурин Дуррани жетекшілігімен NU зерттеушілерін ерекше атап өткім келеді. Олардың зерттеулері мектеп оқулықтарының гендерлік стереотиптерді қалай күшейтетінін көрсетеді. Зерттеу үшін таңдалған барлық оқулықтарда ерлер мәтінде де, суреттерде де әртүрлі салалардағы көшбасшылық қызметте көбірек ұсынылған. NU ғалымдары жүргізген гендерлік талдау БҰҰДБ жұмысын академиялық ортамен қалай толықтыра алатынының жарқын мысалы болып табылады. Өткен жылы NU және БҰҰДБ-мен бірлесіп құрылған Гендерлік альянс – соның жарқын дәлелі», — деп атап өтті Ник Хартманн.
Дәріс сұрақ-жауапқа ұласты, оның барысында қатысушылар ғылымдағы гендерлік теңсіздікті, сондай-ақ осы мәселені шешу жолдарын талқылады. Дәрісті қорытындылай келе, Хартманн гендерлік теңдікті ілгерілетудегі БҰҰДБ рөлін ерекше атап өтіп, ғылыми саладағы әйелдер мен қыздардың рөлін күшейтуге бағытталған #STEM4ALL бастамасын ұсынды.







