NU THE Asia Universities Summit 2026 аясында шекарасыз зерттеулер бойынша жаһандық диалогқа қатысуда

Nazarbayev University (NU) Times Higher Education Asia Universities Summit 2026 аясында жаһандық ғылыми ынтымақтастықтың болашағына арналған жоғары деңгейдегі талқылауға қатысты. Саммитті Hong Kong University of Science and Technology (HKUST) ұйымдастырды.

Ресми бағдарлама аясында NU Президенті профессор Вакар Ахмад «Ұлтшылдық дәуіріндегі шекарасыз ғылым: утопия ма, әлде қолжетімді болашақ па атты панельдік пікірталасқа қатысып, күшейіп келе жатқан геосаяси бөлшектену жағдайында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты қалай сақтауға болатынын талқылады.

NU ұстанымын таныстыра отырып, профессор Ахмад жаһандық академиялық серіктестіктердің негіздерін қайта қарастыру қажеттігін атап өтті:

«Университеттер әрдайым үміт пен прогрестің символы бола бермеген. Кей кезеңдерде олар өз дәуіріндегі теңсіздіктерді бейнелеп қана қоймай, оларды күшейткен. Сондықтан біз әрдайым өзімізге сұрақ қоюымыз керек: біз шынымен игілік әкелетін күшпіз бе, әлде өзіміз жоюға тырысатын теңсіздіктерді қайта қалыптастырып отырмыз ба? Пандемиялардан бастап энергетикалық дағдарыстарға дейінгі шекара танымайтын мәселелер жағдайында ынтымақтастықтың маңызы айқын. Бірақ ол шынайы болуы тиіс: иерархияға немесе біржақты пайдаға емес, ортақ құндылықтарға негізделген. Жоғары білімнің болашағы — өңірлер мен жүйелер арасындағы тең серіктестік арқылы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған ынтымақтастықта».

Пікірталас барысында қатысушылар ашық, шекарасыз ғылым идеалы мен күшейіп келе жатқан ұлтшылдық пен геосаяси бөлшектену арасындағы қайшылықтарды талқылады. Сонымен қатар ғылыми ашықтық пен ұлттық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдік, сондай-ақ жаһандық ынтымақтастық шектелген жағдайда өңірлік академиялық желілердің рөлі қарастырылды.

Қатысушылар саяси қысым жағдайында қандай ынтымақтастық түрлері тұрақты болып қала алатынын талдап, өзгермелі ортаға бейімделе алатын сенімге негізделген серіктестіктердің маңызын атап өтті.

Панельге академиялық және жоғары білім беру саласының жетекші өкілдері қатысты, олардың қатарында Times Higher Education ұйымының жаһандық байланыстар жөніндегі директоры Фил Бейти; Корольдік швед инженерлік ғылымдар академиясының президенті Сильвия Швааг Сергер; HKUST университетінің әкімшілік және бизнес жөніндегі вице-президенті Кар Ян Там; сондай-ақ James Cook University (Singapore Campus) университетінің проректоры Кэрол-Энн Аптон бар.

NU-дың бұл панельге қатысуы университеттің ғылыми ынтымақтастық, академиялық көшбасшылық және жоғары білімнің болашағы бойынша халықаралық диалогтағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Үш күндік саммит аясында сондай-ақ THE Asia University Rankings 2026 нәтижелері жарияланып, аймақтағы академиялық көшбасшылықтағы үздік тәжірибелерді атап өтетін THE Awards Asia 2026 марапаттары табысталады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53