Nazarbayev University-де «Ақылды болашақ: студенттік идеялардан жаһандық жетістіктерге дейін» атты медиа-тур өтті.
Іс-шара барысында студенттер, зерттеушілер мен жаңашылдар экология, энергетика, жасанды интеллект және ғарыш салаларындағы жобаларын таныстырды.
Іс-шараны NU-дың Тұрақты даму кеңсесі ұйымдастырды. Бұл медиа-тур Sustainability Living Lab бағдарламасының жобаларын таныстыру сериясымен ашылды. Аталған бағдарлама қазіргі таңда Қазақстанның 12 жоғары оқу орнын қамтып отыр. Ол жастарға инновациялық шешімдер жасап қана қоймай, оларды нақты өмірде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, осылайша, тұрақты дамуға тікелей үлес қосады.
Іс-шарада ұсынылған жобалар қатарында:
Bulan Bikes — Nissan Leaf-тің қайта өңделген батареялары негізінде жасалған экологиялық электрлік велосипедтер. Бұл жоба студенттердің уақыты мен қаражатын үнемдеуге, кампустағы қызметтік көлік жүйесін жақсартуға және көміртегі ізін азайтуға бағытталған. Велосипедтер онлайн-мониторинг жүйесімен жабдықталған. Болашақта жобаны өзге университеттерге тарату жоспарлануда.
Watermatic — су айдау станцияларын толығымен автоматтандыратын және қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін жүйе. Жүйе іске қосылғаннан кейін су ыдыстарын қолмен толтыру және үнемі бақылау қажеттілігі жойылмақ. Суару үздіксіз іске қосылып, суды тұтыну тиімділігі артады.
EcoWare — бидай ұнынан өндірілетін биологиялық ыдырайтын экологиялық ыдыс-аяқ. Табиғи шикізат пен тағамдық бояғыштар, крахмал мен глицерин арқылы жасалған өнімдер табиғатқа зиянсыз. Жоба — патент алу сатысында және пилоттық өндірісті бастауға дайын.
EcoWoolPellets — қой жүнінен жасалған түйіршікті тыңайтқыштар. Бұл тыңайтқыштар топырақ құрылымын жақсартады, судың жетіспеушілігін 30–50%-ға дейін азайтады және ауыл шаруашылығындағы химиялық заттарды қолдануды төмендетеді.
IntelStore — тауарларды сақтау мен жинаудың интеллектуалды кубтық жүйесі. Роботтандырылған технология сақтау орнын 75%-ға дейін үнемдеуге, тапсырыстарды 3–5 есе жылдамырақ орындауға және қателерді азайтуға мүмкіндік береді. Жүйе бизнеске, дәріханаларға, логистикалық орталықтарға және өндірістік салаларға бейімделе алады.
Whole Genome Project — қазақ халқының генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған ауқымды жоба. 500-ден астам толық геномнан құралған биобанк диагностикалық панельдерді, фармакогенетиканы және дербестендірілген медицинаны дамытуға негіз болды. Зерттеулер 2013 жылдан бері Медицина және гуманитарлық ғылымдар мектептерінің қатысуымен жүргізілуде.
ISSAI — Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты өз экожүйесін таныстырды:
- KazLLM — қазақ тіліндегі алғашқы үлкен тілдік модель (70 млрд параметрге дейін);
- MangiSoz — екі жақты мәтін аударатын, аудилоны тану және синтездей алатын сервис;
- Oylan2 — мәтін, дыбыс және суретпен жұмыс істейтін мультимодальды модель;
- TilSync — шынайы уақытта субтитр және аударма генераторы;
- Beynele — қазақ мәдениетін бейнелейтін көптілді сурет генераторы;
- Mangitas 01 — AI инференсіне арналған жергілікті сервер, Қазақстанның дербестігін және AI тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект және ғарыш — NU зерттеушілері ғарыш сигналдарын шифрлеу үшін нейрожелілер мен суперкомпьютерлерді пайдаланады. Бұл астрономияда жаңа мүмкіндіктер ашады және ғарыш деректерін өңдеу дәлдігін арттырады.
Торий энергетикасы — оның дәстүрлі ураннан айырмашылығы, торий анағұрлым қолжетімді, қауіпсіз, радиоактивті қалдықтары аз және әскери мақсатта пайдалануға келмейді. Бұл жоба Қазақстанның төмен көміртекті энергетика саласында жасанды интеллект пен нанотехнологияларды біріктіре отырып, жаңа шешімдерді іздеуге бағытталған. Сондай-ақ ол ауруларды ерте диагностикалау және жалпы экологиялық қауіпсіздікті арттыру мүмкіндігін береді.
Іс-шара бейресми networking-сессиямен және жобалар авторларымен еркін форматтағы әңгімелесумен аяқталды. Келген қонақтар сұрақ қойып, технологияларды сынап көріп, жобаларды жетілдірудің жолдарын талқылауға мүмкіндік алды.
NU Қазақстанның тұрақты даму, цифрландыру, энергетика және медицина салаларындағы стратегиялық басымдықтарын қолдайды. Университет – академиялық ғылым мен тәжірибе тоғысатын, ал студенттердің идеялары нақты әлеуметтік мәселелердің шешіміне айналатын орта.









