Фурхат Хамитовтың бағдарламалау дағдылары мен мұнайгаз саласындағы инженерлік білімі ұштастырылған бірегей тәжірибесі бар. Ол екі магистратураны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Информатика» мамандығы бойынша және Франциядағы Лотарингия университетінде «Petroleum engineering» мамандығы бойынша бітірді. Фурхат Хамитов Назарбаев Университетінде машиналық оқыту технологияларын қолдана отырып, кен орындарында көмірсутек шикізатын өндіру кезінде құмды шығару бойынша зерттеулер жүргізеді.
Өз біліміңіз бен кәсіби тәжірибеңіз туралы қысқаша айтып бере аласыз ба?
Назарбаев Университетінде оқу басталар алдында менің Қазақстанның мұнай-газ саласында бес жыл өндірістік және ғылыми тәжірибем болды, сондай-ақ «Информатика» (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) және «Petroleum engineering» (Лотарингия университеті, Франция) мамандықтары бойынша екі магистратураны бітірдім. Мен өз жұмысымда мұнай-газ саласындағы жаңа гидродинамикалық симуляторларды және мұнай-газ шикізатын есепке алуға арналған бағдарламалық жасақтаманы жасау үшін мұнай-газ саласындағы бағдарламалау дағдыларым мен білімімді ұштастырдым.
Өзіңіздің докторлық зерттеуіңіз туралы айтып бересіз бе?
Диссертациямда мен Үстірт-Бозашы шөгінді бассейнінің мысалында әлсіз цементтелген мұнай және газ коллекторларында көмірсутек шикізатын өндіру кезінде құм шығару моделін жасадым. Модельдеу үшін CFD-FEM әдісі қолданылды, бұл микро-масштабтағы тау жыныстарымен көп фазалы сұйықтық ағынын модельдеуге мүмкіндік береді. Негізгі идея макроскопиялық құбылысты түсіндіру үшін ең аз (микро) мөлшерде құм шығарудың жаһандық құбылысын зерттеу болды. Диссертацияда резервуарлық сұйықтық қасиеттерінің құмды шығаруға әсері, сондай-ақ әлсіз цементтелген жыныстағы пластикалық аймақтың қалыптасуына перфорация үдерісінің әсері қарастырылған.
Сіздің жұмысыңыздың қолданбалы мәні неде?
Диссертациямдағы зерттеулерімнің нәтижелері жергілікті жерлердегі (кен орнындағы) инженерлерге құм шығаруға әсер ететін негізгі факторларды анықтауға, ең бастысы, ұңғымаларды пайдалану және кен орнын игеру тәсілдерін өзгерту арқылы процесті болжауға және басқаруға көмектеседі.
Диссертацияңыздағы жұмыс барысы туралы не айта аласыз?
Қазақстандық кен орындары жағдайында құм шығаруды зерттеу – бұл өте үлкен міндет, ол жыныстың геологиялық-гидродинамикалық қасиеттерін алдын ала зерделеуді, көптеген зертханалық зерттеулерді, жоғары өнімді жүйелерде модельдеуді және т. б. қамтиды. Бұл міндетті соңғы 7-8 жыл бойы менің әріптестерім, PhD кандидаттары мен магистранттары да атқарды, менің міндетім әріптестерімнен алған білімімнің негізінде үдерістерді модельдеу болды. Үнемі біліммен, жаңа нәтижелермен, идеялармен алмасу және олардың сандық эксперименттерде орындалуы менің командадағы жұмысымның сипаты болады.
Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз
Мен профессор Michael Yong Zhao және сыртқы супервайзер Nguyen Hop Minh бастаған тамаша командамен бірге Назарбаев Университетінде постдокторант ретінде машиналық оқыту технологияларын қолдана отырып, құмды шығару бойынша зерттеулерді жалғастырамын.
Болашақ докторанттарға не тілер едіңіз?
Мен барлық қазіргі және оқуға түсетін үміткерлерге зерттеуде үмітсіз жағдай жоқ, әрдайым зерттеу барысында жаңа және талғампаз шешім табуға болады деген ойда болыңыздар деймін. Зерттеудің табысқа жетуінің негізгі критерийі – бұл тұрақты дербес жұмыс жүргізу, басшылармен белсенді қарым-қатынас және халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау. Жаңа идеялар әрқашан күтпеген жерден келеді.








