NU студенттері — ұлттық білім сайысының жеңімпаздары

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ұйымдастырған “Дара» ұлттық білім бәйгесі қыркүйектің 24-де өз мәресіне жетті. Мамыр айында басталған байқау эфирге жексенбі күндері шыққан.

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ұйымдастырған “Дара» ұлттық білім бәйгесі қыркүйектің 24-де өз мәресіне жетті. Мамыр айында басталған байқау эфирге жексенбі күндері шыққан. Жоба Қазақстандағы ең үздік жоғары оқу орындарының 32 командасын бірге жинады: елдің 16 қаласынан, 28 ЖОО студенттері бақ сынады.

Назарбаев Университеттің Brainstorm командасы бірінші кезеңнен жақсы нәтиже көрсете бастаған. Жоба барысында студенттер «Кім жылдам?», «12», «Жұмбақ жәшік» атты бөлімдерінің әр түрлі саладағы сұрақтарға жауап берген.

“Әрқайсымыз болашақ жаңа тұлға, Әрқайсымыз — дара тұлға!” — деп ұрандатқан Brainstorm командасы 6 әр түрлі мамандықта оқып жүрген 2-4 курс студенттерінен құрылған. Ойынның жартылай финалын студенттер ең қызықты және есте қаларлық кезеңі деп атады. Сол күні NU командасы Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті, Astana IT Университеті және Еуразиялық Ұлттық Университетінің командаларымен сайысып, 105 ұпай ұтып, топ жарған. Ал финалда Brainstorm AITU-дың Digital Nomads атты мықты командасымен ойнап, жеңімпаз болып атанды.

Осындай телевизиялық жобаларда студенттер бірінші рет қатысқан. Команда мүшелері сайыс барысындағы қиындықтары мен жеңістері туралы осындай пікір білдірді:

Капитан Әлия Әміреева, Саясаттану және халықаралық қатынастар, 3-ші курс: Жобаға әркім үлкен жауапкершілікпен келгені сонша, бір қатысушымыздың ұсынысымен музейге, кейін тағы университетте жиналып, бір-бірімізге сұрақ қойып сол кезде таныса бастадық. Жауапкершілікті бөлу процесі кейіннен өзімен өзі тұрақтала қалды. Жоба финалы өткеннен кейін “біз осы неге жеңдік?” деген сұраққа отырып ойланған едік. 32 команда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200 студент — өз университетінің абыройын көтеріп, жеңіспен қайтамыз деген мақсатпен келген жандар. Оның үстіне, алыстан келіп тұрғасын осал студенттер келмейтіні де анық қой, барлығы мықты, тіпті ойынның рекордын қойып кеткен командалар да болды. Шындығында барлығымыз жеңдік — домалақ үстелде отырған әрбір команда жеңімпаз болуға лайық. Әр ойынның басында ешқашан “келесі кезеңге өтеміз, жеңеміз” деп айтуға өзімізге рұқсат бермедік. Біздің мақсатымыз жеңіс емес, қойылған сұраққа дұрыс жауап беру, білімімізді сынау, сапалы ойын көрсету болды. Осы тұста НУ әкімшілігіне біздің тарапқа ешқандай қысым жасамай, керісінше басынан бастап қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғысымыз. Кубокты алып келмесек те бізге ешкім ештеңе демейтінін білгеніміз жеңіл әрі еркін ойнауымызға өте үлкен үлес қосты. Ойын барысында университетіміздің басты ұстанымын — ой еркіндігі, академиялық адалдық пен салауатты бәсекелестікті көрсете алдық деп сенеміз. Сол себепті оқу ордамыздың беделін қорғау қиын болған жоқ, оның беделін түсіріп алу мүмкіндігіміз — ең қиыны сол болды.

Бекзат Өмірзақ, SEDS, Механикалық және аэроғарыштық инженерия, 3-ші курс: Телевизиялық жобаға қатысуым алғаш рет. Тамаша тәжірибе болды. Жобаның ішкі құрылысын, түсірілімдерге қойылатын талаптармен жақын таныстым. Әсіресе операторлардың жұмысы мені қатты қызықтырды. Әрине, барлық қобалжуың, ойланып жатқаныңды және қате жауаптарыңды жақындатып түсіргенімен, көңілдері әрқашан көтерулі болды. Соның да септігі болды-ау. Жебеп, бізге де біраз күш берді. Дегенмен, көп жағдайларда, ойынның қызуымен кетіп, түсіріліп жатқанын да ұмытып кетесің.

Рақымжан Оразғали, SEDS, Механикалық және аэроғарыштық инженерия, 2-ші курс: “Дара” жобасы менің өмірімнің кітабында бөлек тарау болып бекітілді. Жобаға дайындалу барысында бұрын-соңды қызықпаған салаларды зерттеп, білімімді арттырдым. Ең қызығы, сол игерілген білім Дарадан кейін де өмірімде өз керегіме жарап жатыр. Дара маған тек білім мен тәжірибе ғана емес, зиялы ортаны да берді. Еліміздің үздік оқу орындарының студенттерімен ойында қарсылас болсақ та, өмірде сыйластығымыз жоғары достарға айналдық.

Лашын Зейін, SSH, Саясаттану және халықаралық қатынастар, 2-ші курс: Ең алдымен, бұл академиялық сынақ және жеке даму деп ойлаймын. Мұндай ойын-жарыстар әдетте қатысушылардан әртүрлі пәндер мен салаларда өздерінің білімдері мен интеллектін көрсетуді талап етеді. Мұндай жарыстарға қатысу біздің таланттарымыз бен дағдыларымызды тек академиялық аспектілерде ғана емес, көшбасшылықта, адамдармен қарым-қатынаста және мәселелерді шеше білуде де көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл болашақ мақсатымызға пайда әкелетін түйіндемені құруға көмектеседі. Сонымен, әлеуметтік шеңберіңізді кеңейту де маңызды бөлік болып табылады. Әртүрлі университеттердегі құрдастарыңызбен таныса аласыз, әлеуметтік шеңберіңізді кеңейте аласыз, тұлғааралық қарым-қатынас достық орната аласыз. Мұндай жарыстар жан-жақты дағдылар мен сауаттылықты дамытуға көмектеседі. Бұл жеке қатысушыларға ғана емес, елдің өзіне де пайдалы. студенттерді терең білім алуға және білім жинауға шақырады, бұл елдегі жалпы білім деңгейін арттыруға көмектеседі.

Қанат Жұмағали, SSH, Экономика, 4-ші курс: Менің ойымша, университеттің атын қорғау — бұл оның құндылықтарын, адалдықты бейнелеу. Біздің жақындағы жеңісіміз бұл құндылықтардың дәлелі. Бірақ бұл тек жеңу туралы емес, бұл біздің әр түрлі жағдайға қалай қараймыз, өздігімізден үйрену құштарлығымыз туралы.

Санжар Санат, SEDS, Құрылыс және экологиялық инженериясы, 3-ші курс: Интеллектуалдық сайыста жеңіске жеткен соң бізге бұрын-соңды болмаған күш пен мотивация берілді. Ендігі тілегім – интеллектуалды жастардың бір бөлігі болып қала беру. Енді жас ұрпақ арасында осындай зияткерлік сайыстар ұйымдастыру үшін университетімізде клуб құру ойымызда. Алдағы уақытта ойымыздағы жобаларды іс жүзінде орындағаннан кейін, үздіктердің үздіктерін анықтап, Назарбаев Университетінің келесі командасын жинағым келеді. Бізден жаңалықтар күтіңіздер…

Ойынның соңында жеңімпаздарға байкаудың демеушілерінен пайдалы сыйлықтар берілді. Назарбаев Университетінің негізін қалаушы Президент Шигео Катсу мырза атынан мақтау қағаздары ұсынылды. Алдағы уақытта Brainstorm мүшелері NU-дың бай студенттік клубтар тізіміне — жаңа зияткерлік клубын қосуға тәрізді. Студенттер жас буын зияткерлерді дайындап, қазақ тіліндегі интеллектуалды сайыстарды дамытуға мақсат қойды. Университет тарапынан жас дарабоздарына алғыс білдіріп сәттілік пен қажымас қайрат тілейміз.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53