Nazarbayev University (NU) Halyk Bank қолдауымен NU Жоғары бизнес мектебі базасында Halyk Қаржы нарықтары зертханасын іске қосты. Зертхананың негізгі артықшылығы — CRSP (Center for Research in Security Prices) деректер базасына қолжетімділік.
Чикаго университетінің Booth бизнес мектебінде әзірленген CRSP қаржылық деректердің әлемдік «алтын стандарты» болып саналады. Ол АҚШ акциялары, облигациялары және индекстері бойынша 1928 жылдан бергі бағалар мен дивидендтерді қамтитын егжей-тегжейлі тарихи ақпаратты ұсынады. MSc in Finance бағдарламасының магистранттары үшін бұл теориядан эмпирикалық талдауға көшуге мүмкіндік береді — олар енді CAPM және факторлық модельдер сияқты күрделі қаржылық модельдерді Уолл-стрит компаниялары қолданатын деректер негізінде сынай алады.
Зертхана NU-дың білім беру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және қаржы, аналитика және цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға бағытталады.
Ол студенттер мен оқытушыларға нақты нарық деректері, аналитикалық құралдар және халықаралық қаржы кейстері арқылы оқу мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік береді.
NU президенті Вакар Ахмад ашылу барысында:
«Бизнес мектебі нақты экономикамен — бизнес, қаржы және нарық әлемімен тығыз байланысты болуы тиіс. Студенттер мен оқытушылардың оқу мен зерттеуде нақты деректермен жұмыс істеуі маңызды. Бұл нарықтар мен қаржы жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Студенттер еңбек нарығына қажет практикалық дағдыларды меңгереді, ал біздің зерттеулер академиялық шеңберден шығып, бизнес пен қаржы саласына нақты әсер етеді», — деді.
Ол сондай-ақ зертхана NU мен Halyk Bank арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтып, нақты бизнес шешімдерінде қолданылатын қаржы деректеріне қолжетімділік арқылы университеттің ғылыми әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Halyk Bank Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова:
«Бүгінде Halyk Bank-та Nazarbayev University-дің 50-ден астам түлегі жұмыс істейді. NU түлектері аналитика, тәуекелдерді басқару, data science және деректер талдауы салаларында ерекше мықты. Сонымен қатар, біздің Жасанды интеллект орталығын осы университеттің жас әрі талантты түлегі басқарады, ал data science және аналитика командаларының едәуір бөлігі NU түлектерінен құралған.
Біз жиі “деректер — жаңа мұнай” деп айтамыз, сондықтан олармен жұмыс істей алатын мамандардың сапасы аса маңызды. NU түлектері бұл тұрғыда жоғары дайындық деңгейін көрсетеді», — деп атап өтті.
NU Жоғары бизнес мектебінің деканы Йоэп Конингс:
«Қаржы нарықтары зертханасы студенттерге АҚШ және басқа нарықтардағы күнделікті акция деректерін қамтитын кең көлемді тарихи қаржылық деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қаржы нарықтарындағы заңдылықтарды анықтап, болжау модельдерін әзірлеуге жол ашады — шын мәнінде, біздің қолымызда нағыз “алтын” бар».
Зертхана қаржы секторындағы болашақ мансапқа қажетті дағдыларды қалыптастыратын деректер инфрақұрылымына салынған маңызды инвестиция болып табылады.
Сонымен қатар, ол қаржы саласын data science, компьютер ғылымдары және жасанды интеллектпен байланыстырып, үлкен деректер негізінде пәнаралық зерттеулер мен AI шешімдерін дамытуға ықпал етеді.
Зертхананың іске қосылуы NU мен Halyk Bank арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жалғасы болып табылады және соңғы жылдары жүзеге асырылған бірлескен көшбасшылық және цифрлық дағдыларды дамыту бағдарламаларын қамтиды.
Бұл бастама заманауи қаржылық және технологиялық шешімдерді дамытуға бағытталған студенттер, зерттеушілер мен практиктер үшін платформаға айналып, NU-дың білім экономикасына бағытталған зерттеу университеті ретіндегі рөлін күшейтеді.












