Тәжірибе алмасу: NU басшылығының Қазақстандағы Heriot-Watt филиалына сапары

8 қыркүйекте Назарбаев Университетінің (NU) Президент м. а.

8 қыркүйекте Назарбаев Университетінің (NU) Президент м.а., провост Илесанми Адесида және Оқу ісі жөніндегі вице-провосты Лоретта О’Доннел іс-сапармен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде (АРУ) болды. Сапар барысында делегация мүшелері АРУ базасындағы Heriott-Watt филиалының оқу жұмысының басталуына арналған дөңгелек үстелге қатысып, сонымен қатар университет қызметімен танысты.

Кездесуге сондай-ақ Ұлыбритания Елшісі Кэти Лич, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Heriott-Watt университетінің ректоры Марк Биггс қатысты. Кездесу қатысушылары пікір алмасып, елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жаңа векторы, сондай-ақ АРУ-ды жаңғырту мен трансформациялаудың жаңа драйвері ретінде филиал құру жобасын қолдайтындықтарын білдірді.

Доктор Адесида өз сөзінде: «Heriott-Watt университеті — британдық беделді жоғары оқу орны. Университеттің филиалы Қазақстанда ашылғаны елдің болашақ көшбасшылары болып табылатын жас қазақстандық азаматтарға халықаралық деңгейдегі білім алуға мүмкіндік береді. Осы ынтымақтастық нығая берсін» деді.

Сондай-ақ сапар барысында NU делегациясы Heriott-Watt филиалының жаңартылған ғимаратында болып, есептеуіш техника, электроэнергетика және мұнай-газ инженерия зертханаларын аралады. Сондай-ақ қонақтар Heriott-Watt университетінің профессорларымен және жаңадан қабылданған студенттермен пікір алмасып, әңгімелесіп үлгерді. Биылғы жылы филиалдың “Геоинженерия”, “Электроэнергетика” және “Есептеуіш техника” атты бакалавриаттың үш білім беру бағдарламасына барлығы 300 адам қабылданды. NU өкілдеріне сонымен қатар Радиациялық материалтану ғылыми орталығының, студенттерге қызмет көрсету орталығының және университеттің технопаркінің жұмысы таныстырылды.

Атап өтетін жайт, 2021 жылдан бері АРУ ректоры қызметінде NU Жоғары білім беру мектебінің (GSE) докторантурасының түлегі, доктор Лаура Қарабасова жұмыс істейді. Университет басшысы болып тағайындалғанға дейін ол NU-де постдокторлық зерттеуші, докторанттарға жетекші болып жұмыс істеді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде үш тілде білім беру жобасына және басқа да білім беру және аналитикалық жобаларға қатысты.

Бүгін Лаура Қарабасова зерттеулермен айналысуды жалғастыруда, сонымен қатар ол Scopus деректер базасына енгізілген халықаралық баспаларда жарияланған кітаптар мен ғылыми мақалалардың авторы (4 h-индекс).

Ақтөбеге сапарының қорытындысы бойынша NU және АРУ өкілдері ғылыми-зерттеу және білім беру салаларында ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға келісті.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53