NU делегациясы Татарстанға жұмыс сапарымен барды

Nazarbayev University (NU) Вице-президенттері Қадиша Даирова мен Әсел Увалиева бастаған делегация Ресейдің білім және ғылым орталықтарында болып, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Сапар барысында NU өкілдері Мәскеудегі Экономика жоғары мектебіне, сондай-ақ Татарстанның жетекші жоғары оқу орындарына: Қазан федералды университетіне, А.Н. Туполев атындағы ҚҰЗТУ-ға (КНИТУ), Иннополис университетіне және Мұнай жоғары мектебіне барды. Сонымен қатар, делегация Қазан қаласының жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, оларға университеттің білім беру бағдарламалары мен оқуға түсу шарттарын таныстырды.

Ресми сапар аясында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевпен, Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақовпен және Татарстан Премьер-министрінің орынбасары Лейла Фазлеевамен келіссөздер жүргізілді. Индустриялық әріптестік мәселелері АТБ банкі және «Татнефть» компаниясының өкілдерімен өткен кездесулерде талқыланды.

Тараптар байланыстарды одан әрі нығайтуға келісті. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бірлескен жобаларды (атап айтқанда, Иннополис университетімен жасанды интеллект саласында) дамытуды, студенттермен алмасу және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейтуді, сондай-ақ халықаралық стандартталған тестілеулерді өткізуді қамтиды.

Екіжақты әріптестікті кеңейту аясындағы маңызды қадам – NU-дың Татарстаннан келген дарынды талапкерлер үшін бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына арнайы жыл сайынғы білім гранттарының квотасын бөлуі. Алғашқы үш грант иегері қазірдің өзінде анықталды, олар жаңа оқу жылында Астанадағы университеттің озық кампусында тегін оқуға кіріседі.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53