NU-да Қырғызстан мәдениетінің күні өтті

Nazarbayev University Интернационализациялау департаменті ай сайын университет қауымдастығының мәдени алмасуын және көптүрлілігін қолдауға арналған World on Wednesdays атты шара ұйымдастырады.

Қазір NU-да 38 елден келген 324 шетелдік студент білім алады, оның ішінде 13-і – Қырғызстаннан.

Арнайы WOW Kyrgyzstan басқосуына Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев, NU мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Астанадағы қырғыз диаспорасының өкілдері қатысты. Іс-шара 1989 жылдан бері 23 қыркүйекте аталып өтетін Қырғыз тілінің күніне орай ұйымдастырылды.

«Біз үшін Қырғызстан – тек көрші мемлекет емес, сондай-ақ стратегиялық серіктес, сенімді дос. Қырғызстандық студенттердің білім ордасы ретінде университетімізді жиірек таңдайтыны бізді қуантады. Біз осы академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға мүдделіміз. Қырғызстан — NU үшін басым бағыттағы елдердің бірі, сондықтан биыл бауырлас елге бірнеше сапар жоспарлап отырмыз. Осы орайда оқу, медициналық сақтандыру және кампуста тұру шығындарын қамтитын Абай Құнанбайұлы атындағы стипендияны ерекше атап өткім келеді», — деді NU вице-президенті Әсел Увалиева.

Мерекелік бағдарлама мазмұнды өтті: қырғыз студенттері ұлттық әндер мен билер орындап, «Манастан» үзінділер оқыды, дәстүрлі аспаптарда ойнады. Жәрмеңкеде қонақтар қырғыз мәдениеті туралы кітаптармен, иллюстрациялармен және ұлттық ою-өрнегі бар қолөнер бұйымдарымен танысты. Барлық келген қонаққа тегін палау мен дәстүрлі сусындар — максым және чалап ұсынылды.

«Nazarbayev University халықаралық студенттер мен ғалымдар қауымдастығының ортасына айналып келе жатқанына мақтанады. Бүгінде кампусымызда Қырғызстаннан келген 13 студент пен екі профессор бар. Бүгінгі шара — олардың академиялық және мәдени өмірге қосып отырған үлесінің айқын дәлелі. Мұндай кездесулер бізге басқа мәдениетті танып қана қоймай, бір-бірімізді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені бірге үйреніп, бөлісіп, тойлаған кезде біз мықты, ашық әрі біртұтас қауымдастық қалыптастырамыз», — деді NU Интернационализациялау департаментінің халықаралық студенттер және мамандармен жұмыс жөніндегі жетекшісі Арай Сәниязова.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53