2024 жылдың 16 ақпанында NU Қамқоршылық кеңесінің (ҚК) отырысы өтті. Оның жұмысына ҚК төрағасы – ҚР Президентінің Экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Әсет Ерғалиев және ҚК мүшелері, оның ішінде ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты.
Биылғы бірінші ҚК отырысында қатысушылар университеттің болашақ дамуын, ғылыми-зерттеу әлеуетін талқылап, 2024 жылға арналған бюджетті бекітті. ҚК мүшелері NU басшылығының алдында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ғылым мен өндірісті біріктіру, жергілікті ғылыми қауымдастықтың ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңейту бойынша нақты міндеттер белгіледі.
Сапар барысында Қамқоршылық кеңесінің мүшелері батареялық және электронды микроскопиялық, жаңа материалдар мен энергия сақтау жүйелері, геномдық медицина зертханаларының жұмысымен танысты, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) әзірлемелерін көріп, жас қазақстандық ғалымдармен кездесті.
«Назарбаев Университеті – Қазақстанның жетекші зерттеу университеті, оның ғылыми-зерттеу әлеуетін сақтау және одан әрі дамыту қажет. Бүгін біз бұған көз жеткіздік. Біздің өңірлік жоғары оқу орындары да біртіндеп ғылыми-зерттеу институттарының үлгісіне көшеді деп ойлаймын. Біз университет пен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты күшейткіміз келеді», – деді Саясат Нұрбек.
NU президентінің м.а. д-р Адесида атап өткендей, университет зерттеулерге қатты көңіл бөледі. Бұл Times Higher Education рейтингі бойынша бар болғаны 13 жылда әлемдегі зерттеу университеттердің 30%-ының қатарына енуге мүмкіндік берді. «NU сондай-ақ жас ғалымдарды, оның ішінде PhD дәрижесін шетелде алған қазақстандықтарды тарту үшін барынша жағдай жасауға тырысады», — деді ол.
Кездесу соңында университет басшылығы NU ғылыми және білім беру ресурстарын дамытуды, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және ел экономикасына қосатын үлесін арттыру үшін өнеркәсіптік сектормен серіктестікті нығайтуды жалғастырады деп сендірді.







